Табиғи ресурстарға бай, экономикасы өсіп келе жатқан Орталық Азия аймағы мен тың технологиялары бар Оңтүстік Корея бірін-бірі толықтыра алады. Ашхабадта өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы парламенттері төрағаларының екінші кездесуінде мәжіліс спикері Ерлан Қошанов осылай деді. Төраға әріптестерін өңірдің био және экожүйесін сақтау, климаттың өзгеруі мәселесін шешу, сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында күш біріктіруге шақырды. Жиын қорытындысы бойынша бірлескен декларация қабылданды.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазіргі кезде Орталық Азия біртұтас өңір ретінде дамудың жаңа кезеңін бастан кешуде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оны «Орталық Азияның ренессансы» деп атады. Қазақстан аймақтың Кореямен сенімді саяси диалогты, экономикалық, инвестициялық байланыстарды дамытумен қатар, парламенттік дипломатияны да нығайтуға мүдделі. Біздің елдерімізді өсіп-өркендеу және жайлы қоғам қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттар біріктіреді. Бейбітшілік пен тұрақтылық аймақ елдері мен Оңтүстік Корея арасындағы берік серіктестіктің мызғымас негізі болуға тиіс.