Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбелік тұрғындар жаңа спорт мектебі құрылысының бітпей жатқанына наразы

Ақтөбеде тұрғындар жергілікті атқарушы билікке өкпелі. Бір жыл бұрын көпқабатты үйдің ауласынан жаңа спорт мектебін салатын болып, ескісін бұзып тастаған. Ал құрылыс тұралап тұр. Соның кесірінен ауланың астан-кестені шығып жатыр дейді.

«Динамо» спорт мектебінің ескі ғимараты бұл аулада қырық жыл тұрды. Былтыр жауаптылар оны бұзып, жаңа спорт мектебінің құрылысын бастаған. Мектеп салу үшін ауладан балалар алаңын да алып тастапты.

ЕЛИЗАВЕТА ДОМАЛЕГА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Олар біздің ауладағы балалар алаңын қиратып тастады. Бұл жерде кран басқа да ауыр техника жүрді. Барлығын сындырды солар. Енді біздің балаларымыз басқа аулаға барып ойнап жүр.

НАДЕЖДА ЛЮТАКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Балалар алаңының түрі мынау. Құрылысшылар бәрін тастап кетті. Мына қоршаулар құлап қала береді. Енді жел тұрса мына жердің барлығы құлайды. Оны ешкім қадағалап жатқан жоқ.

Тұрғындар әкімдікке үйлерінің ауласын қалпына келтіріп беруді талап етіп,шағымданған. Жауаптылар барлық олқылықты мердігер мекеме ретке келтіру керек депті.

АЙСА ЖҮНІСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Динамоны былтыр қыркүйек айында бұзды. Сол кезде бір жылда жаңа спорт мектебін салып береміз деді. Сосын биыл қазан айында бітіреміз қаржылай қиындық болып жатыр деді. Енді тіпті құрылыс тоқтап қалды. Екі ай болды бәрі сол күйі жатыр.

Бұл мәселені халықтың өтінішімен «Аманат» партиясының депутаттары да өз бақылауына алды.

НАРҚОЗЫ ҚАРТЖАН, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл мәселені осы кск төрағасымен оған дейін сөйлескен едік. Партия деңгейінде көтеріп, бұл мәселе шешімі табылады. Шешуге атсалысамыз. Бұл мердігер компания қысқа дейін бұзған, сындырған жерін орнатып береді.

Әкімдіктегілердің айтуынша, құрылыс жұмыстарының 65 пайызы біткен. Енді тек ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары қалған.

АСЛАН ЖАРАСБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда ішіне жылу кіргізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осы органдармен келісу мәселесі ұзаққа созылды. Соған байланысты уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда жұмысшылар ішкі жұмыстары жасап жатыр. Нысанды аяқтау мерзімі 10 желтоқсанда.

Көпқабатты үйдің балалар алаңы мен қоршауларын мердігер мекеме осы аптада ретке келтіріп беретін болды.