Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында жаңғақ шаруашылығы дамитын болады

  • AstanaTV
  • 25 сәуір 2017
  • 8541

Алматы облысында көптің қолы бара бермейтін жаңғақ шаруашылығы дамытылады. Шаруалар алдағы бес жылда аймақта 5 мың гектар жерге миндаль, фисташка, фундук сияқты жаңғақ түрлерін егуді жоспарлап отыр. Агрономдар осыдан екі жыл бұрын қолға алынған бастаманы нақты жүзеге асыруға кіріскен. Осы аптада Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында 200 гектар жерге сирек кездесетін жаңғақ көшеттері отырғызылды. Ауыл шаруашылығындағы тың идеяның куәсі болған тілші толықтырып айтады.

Жаңғақ өсіру - қазақ халқы үшін жат емес. Оңтүстік өңірлерде ауласына бір-екі түп жаңғақ отырғызып, оның жемісін жинап алатын отбасылар көп. Бірақ қазақ даласына осы дәннің өзге де түрлерін әкеліп, үлкен шаруашылыққа айналдыру бастамасы да бар. Ол үшін Алматы облысындағы Түрген аймағы таңдап алынған. Миндаль, фисташка және фундук сияқты бағасы қымбат, әрі жоғары сұранысқа ие дақылдар егіліп жатыр.

Сергей Терещенко, жаңғақ және жеміс өсірушілер қауымдастығының президенті:

Мынадай көрнекілік бау-бақшаны қолға алдық. Қазір Қытай, Молдова, Румыния, Венгрия және Италиядан көшеттер алып келдік. Грек жаңғағы мен фундук көктеп келе жатыр. Дәл осы жерде дақылдардың тұқымын шығаратын кешенді зертхана салып жатырмыз. Сосын дайын көшеттерді өзге аймақтарға егіп, көбейте бермекпіз.

Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстары жаңғақ егуге өте қолайлы. Қазір шаруалар осы аймақтарда аталған дән түрлерін өсіруге жер телімдерін таңдап қойған. Жоба өзін-өзі ақтаса, бір жылда 10 мың тонна жаңғақ жинауға мүмкіндік бар. Ішкі нарықтан тыс сапалы өнімді  Қытай, Араб елдері мен Үндістан сатып алуға дайын. Жобаны жетілдіруге еуропалық мамандар да тартылған. 

Пино Калькани, «Besana» бүкіләлемдік жаңғақ өсірушілер қауымдастығының төрағасы:

Біздің Қазақстанға деген қызығушылығымыз жоғары, себебі жердің жаңғақ өсіруге деген әлеуеті басым. Әсіресе Түрген аймағын екі жыл зерттеп, мұнда дәннің сұрыптарын көбейтуге болады деп келістік. Қазір сіздер көріп тұрған бау-бақша өзге аймақтарға үлгі ретінде  ұсынылды. Сосын оны  біртіндеп дамытуға мүмкіндік жасау қажет.

Мәншүк Жексенбекова, кәсіпкер:

Біріншіден, барлық жаңғақтың бағасы жоғары. Екіншіден, оның бағасы биыл төмен болса, сақтап, келесі жылы сатуға болады. Ұзақ сақталады. Үшіншіден,  бұл ағаштың сапасы жақсы болған соң, базарда сұраныс өте жоғары болады.

Шаруалар, жаңғақ шаруашылығына мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау болса, деп үміттенеді. Оңтүстік аймақта бұл жоба дамыса, солтүстік өңірлерге де тұқым салуға болады. Болашақта 1 млн гектар жерге жаңғақ егіп, одан 30 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат табуға болады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Мұндай амбициялық жобаға ауыл шаруашылық мамандары тыңғылықты дайындықпен келгендерін айтады. Соңғы екі жылда бұл сала зерттеліп, әлемдік тәжірибе ескерілген. Жаңғақ тұқымдас дәнді дақылдардың адам денсаулығына пайдасы көп. Қазақ жерінде оның қара жаңғақ және грек жаңғағы деген екі түрі ғана кездеседі. Дүкен, базар сөрелеріндегі жаңғақ түрлерінің 90 пайызы сырттан тасымалданады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ