Автотұрақтың бағасы көліктің құнымен тең. Үй сатып алсаңыз астындағы паркингті тегін бермейді. Ол үшін бөлек төлейсіз. Қалтасы көтермегендер көлігім жылы жерде тұрсын деп жалға алады. Оның да ақысы арзан емес. Жерасты автотұрақ неге тегін берілмейді? Жауабын Айбек Салдатбек білді.
АЙБЕК САЛДАТБЕК, ТІЛШІ:
Қыс таяп келеді. Сақылдаған сары аязда сыртта тұрған су жаңа көліктің өзі көлеңкесімен бірге қатып қалады. Ал жерасты автотұраққа әкеліп қояйын десең миллиондап ақша сұрайды. Жүргенің сосын былай тартсаң арба сынып, былай тартсаң өгіз өліп.
Қыруар қаржыға үй аласың. Игілігін толық көрмейсің. Өзің кіргеніңмен, үйіңнің астындағы автотұраққа көлігіңді қоя алмайсың. Бөлек сатып алуың, болмаса жалға алуың керек. Паркингтегі орын үшін кемі 1 миллион сұрайды, тіпті оны да аз сынатындар бар.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- 1 жарым - 2 миллион деп тұр ғой ең кемі. Үй алып жатырсың ба, астында паркингі болу керек қой. Далада, қыста, тем более Астананың несінде ауа-райында паркинг керек.
- 3 миллион, 2 жарым миллион, иә, естігем. Ол паркингті сатып алғанша одан да арендаға алған дұрыс. 10 мың теңгеге, 15 мың теңгеге, сол ұтымды.
- Өте қымбат 2-3 миллион. Ең құрымағанда бір 400-500 мың болса да оған, или былай берсе тіпті жақсы ғой.
Үйді салған мердігер компания автотұрақтағы орын үшін қанша теңге сұраймын десе де өз еркі. Оған мемлекеттік орган араласа алмайды.
ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРЛІГІ:
Жобада қарастырылған болса жерасты паркингі салынады. Автотұрақ тұрғын үйдің құрамына кірмейді және пәтердің бір бөлігі бола алмайды. Сондықтан ол бөлек сатылады. Тұрақ ғимараттағы пәтер санына байланысты салынады. Ал ондағы орын саны тұрғын үйдің класына байланысты.
Қыруар қаржыға алған темір тұлпар қар мен жаңбырдың астында тұрғанша, жайлы да жылы тұрақта тұрса несі жаман. Алайда оны табу, тапқанда алу бір мұң. Тура "неге паркинг тегін берілмейді?" деген сұрағымызға жекеменшік компаниялардың жауабы секілді.