Русский Сайттың толық нұсқасы

"Тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуде мәслихат маңызды құралға айналды" , - депутат

Елорда төрінде мәслихаттардың 30 жылдығы тойлануда. Осыған орай Еуразия Ұлттық университетінде ғылыми-практикалық конференция өтті. Мерейтойлық шараны аталмыш жоғары оқу орны мен мәслихат өкілдері ұйымдастырды. 

“Мықты мәслихаттар - жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың негізгі институты”. Осындай тақырыпта өткен конференцияға келгендердің қарасы қалың болды. Ондағы мақсат Мәслихаттың 30 жылдық мерейтойын атап өту, жүрген жолы мен жеткен жетістігін түгендеу.

ЖАНБОЛАТ ЖӨРГЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бүгінгі таңдағы өзін-өзі басқару саласындағы басымдылықты мәслихат депутаттарына беру туралы мемлекет басшысынан бастап, барлығы көтеріліп жатыр. ҚР-ның айналымдағы өзін-өзі басқару заңдарының мәселесін талқылап, соған байланысты осындай конференциялар, жиындар өткізіліп, өз ұсынымдарымызды беріп жатырмыз.

1994 жылы мәслихаттарға сайлау өтіп, сол сәттен өз жұмысын бастады. Содан бері депутаттар азаматтардың мәселелерін шешумен айналысып, демократиялық өзгерістерді іске асырудың іргетасын қалыптастыруға үлес қосып келеді.

ӘБІКЕН ТОҚТЫБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ БАСҚАРУ ИНСТИТУТЫНЫҢ РЕКТОРЫ:

Біздің институт мәслихаттарды 1994 жылы, 1 күннен бастап оқытып жатыр. Біз Мәслихат төрағаларын Қазақстанда емес, шетелде де оқытып жатырмыз және үлкен зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Бәрінің жаңағы істейтін мәселесі ол сол халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін жасалған. Сол себептен бізде осындай шаралар өту керек.

Бүгінгі таңда елорданың тіршілік тынысына қатысты барлық маңызды мәселе мәслихат арқылы өтеді. Сондай-ақ онда қаланы дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламалары қарастырылады.

ӘСИМА БИМЕНДИНА, “TALAP” КЕАҚ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Астана қаласының тарихында мәслихаттардың рөлі маңызды деп санаймын. Өйткені халықтың арасында жүріп, халықтың жағдайын ойлап, халықтың мәселесін күн тәртібіне шығаратын - депутаттар. Сондықтан қазіргі мәслихат депутаттары осы қазіргі шақырылым депутаттарының жұмысы жаңа форматты жүріп жатыр. Маған ол өте ұнайды.

Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашан да мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау - басты парыз. Мемлекет басшысы осылайша мәслихаттар биліктің маңызды тармағы екенін айтқан еді.

ДИНАРА ОРАЗАЛИНА, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Осыған дейін біз үлкен жолды жүріп өттік. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытып, тұрғындардың өмір салтын жақсарту мен әлеуметтік мәселелерін шешуде мәслихат маңызды құралға айналды. Сондай-ақ экология, білім және денсаулық сақтау салаларында да белсенді жұмыс істейміз.

Жалпы, елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана партиялық тізіммен келген депутаттар, қалғаны түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар.