Русский Сайттың толық нұсқасы

“Тұрғындарды жылумен қамтамасыз етіп, алғысын алуға асығамыз”, - жұмысшы

Қыс таяп қалды. Қарашаның қара суығын былай қойғанда, қыстың ызғары сезіліп тұр. Ел бойынша барлық өңірге жылу берілді. Жалпы елде қазір 37 жылу электр орталығы жұмыс істейді. Ондағы қызметкерлердің еңбегін елемеу мүмкін емес. Күн-түн демей тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін тер төгеді. Еңбек адамдарымен әріптесім Аружан Задабек жүздесті. Көрейік. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Даладағы аяз денемізден өтіп, қалтырап үйге келеміз. Том-том киімімізді шешіп, жып-жылы боп тұрған төсегімізге жата қаламыз. Осындайда жылудың қайдан келетінін ойланбаймыз да. Ашығын айтқанда осы. Енді, қараңызшы, осы жайлы өмірдің артында кімдер тұр? 

Қаладағы жылу электр орталығының біріне бардық. Алдымыздан қарапайым қызметкер Нұржан Ағымбаев шықты. Нұржан 4 баланың әкесі. 2007 жылдан бері осы орталықта жұмыс істейді. Техниканың тілін тапқан. Темірмен - дос, құрал-сайманмен - серік.

НҰРЖАН АҒЫМБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖЭО-2 ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Халыққа жылу, жарық керек. Сол үшін осы мамандықты таңдап, осы салады қызмет етіп келемін. Менің міндетіме электродвигательдер жатады. Олардың қозғалысын бақылаймын істеп тұрған кезде. Ал сынып қалған жағдайда тез-тез орнына келтіруіміз керек. 

Ал, бұл – Батырхан Әбішов. Жас маман. Оқуын аяқтай сала елге қызмет етуге асықтым дейді. Еңбек жолы Астанадағы екінші жылу электр орталығынан басталды. Мамандығын сүйеді. Бір сәт те таңдауына өкінген емес. 

БАТЫРХАН ӘБІШОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖЭО-2 ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Ең бастысы біздің жұмыста жауапкершілік. Уақытында шығып, қарап, тексеріп отыру. Дұрыс болмай жатқанда адамдарды жіберіп, жарылысқа дейін жеткізбей, дер кезінде алдын-алып жұмыс істеу керек.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мұндағы жұмыстың ауырлығы былай тұрсын, іштегі атмосфераның өзі бөлек. Мына дауыстың өзімен жұмыс істеу оңай емес. Дәл осы орталық қаланы 80% жылумен, 70% жарықпен қамтиды. Демек, мұндағы қызметкерлердің еңбегі ерең. 

Елімізде қазір 37 жылу электр орталығы бар. Оның 22-і жекеменшік, 10-ы әкімдіктер қарауында. 5-і квазимемлекеттік компанияларға тиесілі. 

2028 жылы тағы үш жылу орталығы пайдалануға беріледі. Жаңа станциялар Семей, Өскемен және Көкшетау қаласында салынады. 

Бастысы осы орталықта жұмыс істейтін мамандардың еңбегі еленсе екен дейміз. Еңбек адамы әркез ел жадында болуы тиіс.