Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте көңілі дархан, пейілі кең қазақтың дастарханы жайылып, одан түрлі ұлт пен ұлыс дәм татты

«Қазақ дастарханы». Шымкентте көңілі дархан, пейілі кең қазақтың ақ дастарханы жайылып, одан түрлі ұлт пен ұлыс дәм татты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында қолға алынған фестиваль биыл шаһарда тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. 

Ұлттық аспаптар ойнап, әуелеген әуен ерекше көңіл тербейді.Ұлттық нақышта киінген көпшілік қазақ дастарханына жиналды бүгін. Сыртта қазан қайнап, түрлі ұлттың келіндері бірігіп қазақтың басты тағамы-ет асылып жатыр. «Қазақ дастарханы» фестивалінің биылғы ерекшелігінің бірі бұл.

АРЗУ ГУРБАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘЗІРБАЙЖАН ЭТНО-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақ атамыз айтқан ғой: «Дастарханың кең болсын. Пейілі соған тең болсын» деп бекер айтпаған. Мен өзім ойлаймын, осы Қазақстанда тұрып жатқан, Шымкент қаласында тұрып жатқан әрбір ұлт өкілі сол дастарханнан өзіне бір өнеге алуы керек деп есептеймін. Себебі жеке өз отбасымды алатын болсам біздің үйде қазақтың барлық салт-дәстүрлері , барлық тағамдары пісіріліп, желініп жатады. Оны кішкентай балаларымыздан бастап үлкендерге дейін, келін боп түсіріп жатсақ тіпті Бакудан алып кеп жатсақ келінді біз сол салт-дәстүрлерді оларға үйретеміз.

Өткен жылдары ұлтымыздың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындаудан өзара сайысқа түскен этнос өкілдері биыл үй жағдайында әзірлеген қазақ тағамдарынан ортақ дастархан жайып, қалың көпшіліктің назарына ұсынды. Ортақ қазанда ет асып, әр үстел басындағы қонақтарға түрлі ұлттық тағамдар мен табақ тарту арқылы қазақтың салт-дәстүрі мен дастархан мәдениетін меңгергенін жұртшылыққа паш етті.

ТАХИРБЕК НИШАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ» АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің мақсатымыз осы қазақ ұлтының дастарханын таныстыру. Қазақ ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін өзге ұлттарға таныстыру. Және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу. Бүгін міне барлық ұлт ұлыс өкілдері бір дастарханда жиналып, қазақтың дастарханының шығуы, қазақтың мәдениетін көрсетіп жатыр. Біздің мақсатымыз бірлігімізді , ынтымағымызды нығайту және келешек әулетке қалдыру.

Шараға мегаполистегі 17 этно-мәдени бірлестік өкілдері атсалысты. Фестиальдің мақсаты да -осы. Этнос өкілдерін қоғамдық бастамаларға ұйыстыру, ұлтымыздың қонақжайлық, сыйластық сынды игі дәстүрін дәріптеу, -деді ұйымдастырушылар.