Русский Сайттың толық нұсқасы

Жетісуда медбике науқастардың атынан 6 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2024
  • 139

Көксу аудандық орталық ауруханасының медбикесі өзіне қарасты учаскеде есепте тұрған Балпық би ауылы Шадрин ықшамауданы тұрғындарының атынан тауарлық несие рәсімдеген. Медицина маманының оншақты адамның атынан 6 млн теңгеге жуық кредит алғаны дәлелденді, деп хабарлайды KAZINFORM.

Медбике 67 жастағы Мүнира Қаташтың үйіне барып, қан қысымын, қант диабетін тексеріп жүрген. Зейнеткердің айтуынша, «жұмысқа есеп беремін» деп ұялы телефонына суретке түсіруге рұқсат сұраған.

Еш ойланбастан келісімін берген зейнеткерге біраз уақыт өткен соң банк қызметкерлері хабарласып несиесін төлеуді талап еткен.

— Баян деген мейірбикеге қалай алданып қалғанымды білмеймін. Отадан кейін төсегімде жатқанмын, мені суретке түсіріп алып кетіпті. Бір күні кредитің бар деп банктен хабарласты. Өзім онкологиямен ауырам. Екі балам қайтыс болған. Осы үйде жесір келінім бар, жетім балаларым бар. Ештеңем жоқ. Жалғызбасты анамын. Мені алдап 500 мың теңге кредит алып кетіпті. Ай сайын 40 мың теңге төлеуім керек. Оны мен немен төлеймін? Сот қалай үкім шығарып отыр? , — дейді Мүнира Қаташ.

Медбикеге алданғандар — зейнеткерлер мен мүгедек жандар. Несие олардың атына сәуір, мамыр айларында рәсімделген. 8 адамның әрқайсысынан 500 мыңнан бастап миллион теңгеге дейін алған.

— Әбден сенімге кірді. 28 мамыр күні үйіме келіп, сізді осы жерге тіркеуге қою үшін суретке түсіріп алуым керек, құжатыңызды беріңіз деп аты-жөнімді, бәрін жазып алып кетті. Ойымда ештеңе жоқ, содан екі айдан соң «Хоум кредит банк» хабарласып, «қарызыңызды қашан төлейсіз» деп тұр. Не кредит деп банктегі қызбен сөзге келіп қалдым. Кейіннен менің банк шотымды бұғаттап тастады. Жалақымды ала алмай жүрмін. Міне, осындай жағдай. Өзіміз төлеп отырмыз, -дейді Мұхамеджан Қоңқашев.

Алаяққа алданғандар жиналып құзырлы органға арызданған. Көксу аудандық соты 1983 жылғы азаматшаны ҚК 190-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп таныған. 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, материалдық шығынды өтеу міндеттелген.

2024 жылғы 11 қыркүйектегі үкімде былай делінген: 

«Сотталған С. Б.Ж. бас бостандығы шектелген бүкіл мерзім ішінде пробациялық бақылауда болады. Ол сотталған адамның мінез-құлқын жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, һтұрғылықты жерін, жұмысын ауыстырмауға тиіс. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге кетпеуі керек».

Жәбірленушілер сот шешімінің ешқандай пайдасы болмады дейді. Себебі, барлығы несиесін өздері төлеп отыр. Ал заңгерлер зейнеткерлер банкпен несие келісімшартының күшін жою туралы талап-арыз бермегенін, сондықтан мәселе шешілмей қалғанын айтады.

— Мұндай жағдайда азаматтық талап бойынша мәмілені жарамсыз деп беру керек еді, соттың үкімі осыған негіз болатын еді. Сотталушыдан ақшаны өндіріп алу туралы шешім шыққан, енді тек қана шешімнің орындалуы. Сот орындаушылармен шешімнің орындалуына жұмыс жасау керек, -дейді Жетісу облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Еркін Оңғарбаев.

Сотталушы медбике қазір жұмыссыз. Ал шығынды өндіріп алатындай оның атында ешқандай дүние-мүлкі жоқ.

Заңгерлер енді алданған азаматтар сотқа аппеляциялық шағымның мерзімін қалпына келтіру туралы арыз жазып, одан әрі несие келісімшартының күшін жою туралы талап-арыз қоюуына болатынын айтады.