Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2024
  • 100

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиын қатысушыларына ілтипат білдіріп, бұл диалог алаңы Астана халықаралық форумының аясында құрылғанын, ең өзекті жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасуға арналғанын атап өтті, деп хабарлайды Astana TV.

Өздеріңізге мәлім, бүгінде адамзат аймақтық қақтығыстар, экономикалық тұрақсыздық, климаттың өзгеруі, азық-түлік және көші-қон қауіпсіздігі секілді бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Аталған жаһандық проблемалар бәрімізді толғандырады және оған төтеп беретін шараларды бірлесе іздегеніміз жөн. Біздің келешегіміз қаншалықты күш-жігер біріктіріп, ортақ келісімге келе алатынымызға тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстанның бұл маңызды үдеріске атсалысуын зор мәртебе санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлемнің жікке бөлінуі күшейіп, көпжақты халықаралық институттардың беделі әлсіреген сайын, орта державалардың рөлі арта түседі деп санайды.

Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады. Осылайша олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына еліміздің өсіп-өркендеуі және қоғамның демократиялық талпыныстарын жүзеге асыру үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар жөнінде айтты. Оның пікірінше, АЭС құрылысы бойынша таяуда өткен жалпыхалықтық референдум еліміздің демократиялық құндылықтарға бейіл екенін көрсетті.

Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалар ішкі тұрақтылықты сақтауда ғана емес, экономикалық өсімге және шетелдік инвестицияларға қолайлы жағдай жасау ісінде де маңызды екенін атап өтті

Қазақстан экономикалық тұрғыдан айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Біз 400 миллиард доллар көлемінде шетелден тікелей инвестиция тарттық. Елімізде жаңа инвестициялық кезең басталды. Оның стратегиялық мақсаты – 2029 жылға қарай 150 миллиард доллар көлемінде қаржы тарту. Біз инвесторлар үшін жедел шешім қабылдаудың және жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетудің мәні зор екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта Инвестициялық кеңес құрылды. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларға жетекшілік ету құзыреті берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі ретінде ұзақ жылдардан бері өз миссиясын мінсіз атқарып келе жатқанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы еліміздің Иранмен ядролық қару мәселесінде мәмілеге келуге, Сирия бойынша келіссөз жүргізуге, сондай-ақ жақында ғана Армения мен Әзербайжан арасындағы кездесуге арнайы алаң ұсынғанын еске салды. Президент ядролық қарусыздану және қоршаған ортаны қорғау тақырыптарына ерекше назар аударды.

Біз ядролық қарудан ерікті түрде бас тарттық әрі оны таратпауға қатысты жаһандық бастамаларға қолдау көрсетіп келеміз. Астананың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысы ғаламдық қауіпсіздік саласындағы қатерлерге қарсы міндеттемелерімізді толықтыра түседі. Қазақстан қоршаған ортаны қорғау ісінде ғаламның климаттық күн тәртібіндегі мақсаттарын құптайды. Біз Климат жөніндегі Париж келісімін қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.