Ауыл тұрғындары үшін ортақ пайдалануға жататын 1 млн гектар жайылым қолжетімді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектордың мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысында айтылды. Онда ауыл тұрғындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмысы қалай жүргізіліп жатқаны талқыланды. Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасы Нұржан Әшімбетов атап өткендей, заңнамаға енгізілген түзетулер нәтижесінде жайылым тапшылығына қатысты шағымдар саны 50%-ға азайған. Депутат жайылымдарды жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Заңда жайылымдарды жақсарту бағытында жұмыс жүргізетін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді субсидиялау мәселесі жеке қарастырылған. Ол ауылдық елдімекен айналасындағы жайылымдар ең алдымен ұрғашы мал үшін қарастырылғанын атап өтті.
НҰРЖАН ӘШІМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Жер және Орман кодекстеріне, «Жайылымдар туралы» және «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңдарға енгізілген өзгерістер ауыл тұрғындары жайылымдарды басқарудың арнайы жоспарлары арқылы өз жайылымдарын өздері басқара алатындай етіп жерді әділ бөлуге мүмкіндік берді. Олар қай жерді аукционға қоюға болатынын, қай жерді ауыл әкімдігінің резервінде қалдыру керек екенін, шағын бизнеске, әсіресе ісін жаңадан бастаған шаруаларға қай жерді беру керек екенін айқындай алады.