Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты келіссөздер арқылы шешуді ұсынды

Қазақстанда қызмет еткісі келетін инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Мемлекет басшысы Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында осылай деді. Қазірдің өзінде шетелден 400 млрд доллар көлемінде қаржы тартылған. Бұл жаңа инвестициялық кезеңнің басталғанының дәлелі. Ендігі мақсат, 2029 жылға қарай 150 млрд доллар қаржы тарту. Жиында тағы қандай мәселелер қозғалды? Әріптесім Сүндет Оралбек жеткізеді. 

Қазір әлемнен тыныштық кетті. Жер-жерде түрлі қақтығыстар орын алып, экономикалық тұрақсыздық мәселесімен бетпе-бет келіп отырмыз. Климаттың өзгеруі, азық-түлік және көші-қон қауіпсіздігі секілді бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер дүйім жұртты дүрбелеңге салғаны рас. Мемлекет басшысы аталған түйіткүлдердің түйінін бірлесе тарқатуға шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің келешегіміз қаншалықты күш-жігер біріктіріп, ортақ келісімге келе алатынымызға тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстанның бұл маңызды үдеріске атсалысуын зор мәртебе санаймыз.

Президент еліміздің өркендеп өсуі үшін жасалып жатқан реформалардың маңызына ерекше тоқталды. Өзгерістер ішкі тұрақтылықты сақтауда ғана емес, экономикалық өсімге және шетелдік инвестицияларға қолайлы жағдай жасау ісінде де айрықша рөл атқарады. Саяси реформалардың арқасында елде жаңа инвестициялық кезең басталды. Оның стратегиялық мақсаты – 2029 жылға қарай 150 миллиард доллар көлемінде қаржы тарту.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз инвесторлар үшін жедел шешім қабылдаудың және жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетудің мәні зор екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта Инвестициялық кеңес құрылды. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларға жетекшілік ету құзыреті берілді.

Қазақстан сыртқы саясатта тәуелсіздік, мультилатерализм, өңірлік тұрақтылық пен дипломатия қағидаттарына басымдық береді. Бұған еліміздің Иранмен ядролық қару мәселесінде мәмілеге келуге, Сирия бойынша келіссөз жүргізуге, сондай-ақ жақында ғана Армения мен Әзербайжан арасындағы кездесуге арнайы алаң ұсынғаны дәлел.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Астананың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысы ғаламдық қауіпсіздік саласындағы қатерлерге қарсы міндеттемелерімізді толықтыра түседі. Қазақстан қоршаған ортаны қорғау ісінде ғаламның климаттық күн тәртібіндегі мақсаттарын құптайды. Біз Климат жөніндегі Париж келісімін қолдаймыз.

Қазір бүкіл әлемнің назары Ресей мен Украинада. Қақтығыстың салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын ажал құшты. Қаншама бала жетім, аналар жесір қалды. Мемлекет басшысы бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ. Қақтығысты келіссөздер арқылы шешу керегін айтты. Бейбітшілікке ұмтылу әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол.

Жиын соңында Мемлекет басшысы форум қатысушыларының сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, Орта Азияның әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар мен БҰҰ-ның рөлін нығайту бойынша бірқатар ұсынысын айтты.