Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыл тұрғынынан балағат сөз естіген әкімге сөгіс берілді

"Жігітше" сөйлесемін деп дауға қалды. Батыс Қазақстан облысындағы ауыл әкімі өзін балағаттаған тұрғынға дөрекі жауап қайтарғаны үшін сөгіс арқалады.Оқиға Ақжайық ауданындағы Жаңабұлақ ауылында болды. Ауыл әкімі тұрғынның шөп тиеген көлігі ауылға кіруіне рұқсат бермеген. Ауыр техника жаңа төселген асфальтты бүлдіретінін түсіндірсе де, тұрғын бұған көнбейді. Тіпті әкімді елдің көзінше балағаттап, жер-жебіріне жетеді. Бұған намыстанған шенеунік аузынан әдепсіз сөз қалай шығып кеткенін де білмей қалыпты.

ЖАМБЫЛ ДАБЫСҚАЛИЕВ,  ЖАҢАБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Сен тек әкім бола алмай жүр екенсің деп балағат сөздер айтып, ауылыңды қоршап ал деді маған. Соны балағат сөздермен айтты. Халықтың көзінше ол мені боқтап жатқан кезде айттым: - Бәке, абыройың бар жігітсің. Мен де осы ауылға жаңадан халық таңдаған әкім ретінде өздеріңіз таңдадыңыздар. Жұмыстанып жатырмын халықтың айтуымен. Дұрыс жағынан түсінерсіз деп айттым. Енді сөз арасында балағат сөз айтып қалғаным бар. Оны енді мойындаймын. Ол кісіні балағаттаймын деген ойым болған жоқ.

Жаздым-жаңылдым деп кешірім сұраса да, мемлекеттік қызметшіге сай мінез көрсете алмағаны үшін ауыл әкіміне сөгіс берілді. Енді ол сыйақысынан қағылады, ал тағы осындай жаза алса, қызметінен де төмендетілуі мүмкін. 

МҰРАТ БАЙСАЛОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТ ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ БҚОД БАСШЫСЫ:

Мемлекеттік қызметші бола тұра аталған тұлға жұмыс кезінде, жұмыстан тыс кезде болсын, әдеп нормаларын міндетті түрде сақтауы керек. Арандату фактілері болғанның өзінде мемлекеттік қызметші қоғам тарапынан аса бір сенім білдіргенін ескере отырып, ол өзін ұстауы тиіс және моральдық-этикалық нормаларды міндетті түрде сақтауы керек.