Жамбылда 13 жасар қызды жақындары 6 жыл бойы зорлап келген. Қыз бала бұл туралы мектептегі психологқа айтуға тырысқан, бірақ оның сөзін елемеген. Бұл сұмдық жайтты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мәлімдеді. Жаға ұстатар жағдайға байланысты арнайы құрылған комиссия тексерісті бастады. Ал жәбір көрген жеткіншек анасымен бірге қауіпсіз жерге көшірілген. Қыз үйінің кенжесі. Қазір қылмыстық іс тіркеліп, тексеру шаралары жүргізілуде. Құзырлылар күдіктілер өз туыстары деп отыр. Бірі әкесінің інісінің, екіншісі ағасының баласы.
БАЙЖАН БАЙГЕЛДІ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тергеу барысында қылмысты жасаған екі күдікті анықталды. Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бір күдікті ұсталып, қамаққа алынды. Екінші күдіктіге қатысты іздеу жарияланып, ұстау іс-шаралары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында жедел-тергеу тобы құрылды.