Русский Сайттың толық нұсқасы

Әуежайда босанып, баласын дәретханаға тастап кеткен әйел ұсталды

Түркияда екі күн бұрын 5,9 балдық жер сілкінісі болды. Салдарынан екі жүзден аса адам зардап шеккен. Жараланғандардың көбі апат болғанда жоғары қабаттан секіріп кетіпті. Үкімет оларға қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Ауруханада жатқандардың жағдайы бір қалыпты. Толығырақ Аружан Задабек айтып берсін. Эфирде «Жер-жаһан» айдары. 

Қайырлы кеш, көрермен! Осы аптада Түркияның Малатия провинциясында тағы жер сілкінді. Жергілікті уақытпен 16-ы күні таңғы 10-нан аса болған. Зілзала ошағы шамамен 10 шақырым тереңдікте тіркелді. Дүмпу бола салысымен тұрғындар үй-жайлары мен жұмыс орындарын тастап, қауіпсіз жерге жиналған. Мына видеоға назар аударсақ,әріптесіміз жаңалық жүргізіп отыр. Дәл эфир уақытында кенет орындықтар қимылдап, дүмпу сезілген. 

Зілзала тіркелген аймақ электр қуатынан ажырамаған. Инфрақұрылымның зақымдануы немесе судың үзілуі туралы ақпарат жоқ. Жер сілкінісінен кейін магнитудасы 1,2-ден 3-ке дейінгі 30 дүмпу тағы тіркелді. 

Нигерияда да апат. Джигава штатында жанармай тасымалдайтын көлік аударылып, жарылып кетті. Салдарынан 150-ге жуық адам көз жұмды. Қаза тапқандардың денесін күйік шалғаны сонша, оларды анықтау мүмкін болмай тұр. Көлік жүргізушісі дін аман. Ол тергеуге дейін қамауға алынды. Ел үшін бұл соңғы уақытта болған ең ірі апат. 

ГАРБА САРКЫН-ЯКИ, ТҰРҒЫН:

Оқиға түнгі 23:00 шамасында болды. Кейін адамдар жинала бастады. Түн ортасында танкер жарылып, өрт 3:00-ге дейін жалғасты.

Францияда тоқтаусыз жауған нөсер тұрғындарды әбден әбігерге салды. Жаңбыр 48 сағат бойы тоқтамады. Көліктер су астында қалып, тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Билік жолдарды жауып, халықты эвакуациялаған. Әзірге қайтыс болғандар мен жараланғандар туралы нақты ақпарат жоқ. 

 МИШЕЛЬ, ТҰРҒЫН:

Жаңбыр болатыны туралы алдын-ала айтқан. Бірақ біз әп-сәтте жауып кетеді деп ойламадық. Бізде 3000 еуро тұратын жүк көлігіміз болды. Оны да су шайып кетті. Ештеңе істей алмадық.

Ал, Түркияда жаға ұстатарлық жағдай болды. Онда ресейлік екі әйел жаңа туған нәрестені әуежайдың дәретханасына тастап кеткен. Сәбиді қызметкерлер тауып алды. Әзірге белгілісі, Екатерина есімді келіншек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханада босаныпты. Полицейлер қазір қылмысқа қатысты тергеуді бастап кетті.