Қандай төтенше жағдай болса да құтқарушылардың еңбегі ерен. Жанкештілікті талап ететін ерекше салада адамдардан өзге иттер де қызмет етеді. Лиганың от пен су, тау мен тастың ортасында жүргеніне 4 жыл болыпты. Бірнеше адамды ажалдан арашалаған. Көбіне таулы аймақта жоғалған жандарды іздеу жұмыстарына қатысатын көрінеді. Сонымен қатар Түркиядағы жер сілкінісі кезінде де құтқарушы ит бір отбасының аман қалуына себепкер болған.
ДАМИР ГИЗАТУЛИН, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ КИНОЛОГЫ:
Лига көрсеткен үйінді астын құқарушылар 3 тәулік ашты. Нәтижесінде әкесі мен 2 баласы дін аман табылды. Олар бізге арнайы келіп алғысын білдірді. Ондай өте ауыр ортада алғаш рет болуымыз еді. Бізге де , иттерге де оңай болған жоқ. Соған қарамастан ол өзін жақсы ұстап, еңбегімді ақтады.
Қазір елімізде 65 құтқарушы ит бар. Олар жылына екі рет арнайы сертификаттаудан өткізіледі. Мұндай ақылды күшіктер құтқару жасағында ең көп дегенде 10 жыл қызмет етеді. 4 аяқтылар 2 мың иісті ажырата алатын ерекше қабілетке ие. Ал судың астынан 5 метрге дейінгі тереңдіктен батқан адамды шығара алады екен.
ҚАНАТ УӘЛИХАНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫ КИНОЛОГИЯЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫСЫ:
Біздің қызметімізге лабрадор, содан кейін белгиялық овчарка, неміс овчаркасы , содан кейін испанелдеріміз болады. Солар жарамды келеді. Адамдардың 3,4 сағат іздейтін жерін бұлар жарты сағатта айналып шыға қояды. Жылдам тауып, жылдам шығарып алуда осы иттердің көмегі өте зор.