Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 5 мыңға жуық адам оқыды

Павлодар облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 5 мыңға жуық адам қаржылық сауаттылық курсынан өтті. Бұл жоба «AMANAT» партиясының бастамасымен іске асқан. Мақсат тұрғындарды өз бюджетін тиімді басқаруға үйрету. Себебі, қазір қоғамда несиеге белшесінен батқан адам көп. Көпшілігі өзінің қаржылық сауаттылығының жоқтығынан осындай жағдайға душар болған. Сондықтан сарапшылар алаяқтарға алданбау, несиені дұрыс есептеп алу, оны төлеу, кәсіп ашу, қаражатты сауатты пайдалану сынды қыр-сырларды үйретеді. 

АИДА МҰСЫЛМАНОВА, «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Жалпы жоба елдің барлық тұрғындарына арналған. Бастапқыда тек қарызы бар адамдар мен кәсіпкерлер ғана болатын, одан кейін қызмет ұлғайды. Оқушылар мен студенттер де осы оқудан өтеді. Жобаны Мемлекет басшысының өзі қолдап отыр. Ол өзінің жолдауында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру туралы айтып кеткен еді. Себебі, оқу барысында сұрасақ, халық несиені қандай пайыз мөлшерлемесімен алғанын да білмейді. Тіпті, келісімшартты да оқымайды.

«Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқыту жыл соңына дейін жалғасады. Аптасына 5 күн бойы курстық оқытулар жүргізіліп жатыр. Сарапшылар өңірдің аудан қалаларын аралаған. Бұл жобаға қатысу үшін «AMANAT» партиясының аймақтық филиалдарына алдын ала жазылу керек. Оқуды аяқтаған тұрғындарға арнайы сертификат берілетін болады.