Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада ХХІІ «AMANAT CUP» республикалық пікірсайыс турнирі өтті

Еліміздегі жас пікірсайысшылар Қызылордада бас қосты. Барлық аймақтан жиналған фракция мүшелері «AMANAT CUP» ауыспалы кубогін сарапқа салды. Сөз додасында олар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады.

ХХІІ «AMANAT CUP» республикалық пікірсайыс турниріне 60 команда қатысты. Оған тіркелу «Жастар рухы» сайтында ашық форматта жүргізілген. Жүлде қоры 3 млн теңге болатын сайысқа шешендер мен мықтылар жиналды.

АҚЕРКЕ ЕСКЕНДІРОВА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:

Жыл сайынғы дебаттық турнирді ұйымдастырудың басты мақсаты бұл қоғамға араласып, өз пікірін білдіре алатын жастарды қолдау. Олардың ораторлық қабілетін әріқарай дамыту. Және де тұрақты түрде саясатқа араласуын қамтамасыз ету болып табылады.

«AMANAT CUP» - ауыспалы кубок. Жеңген команда шараны келесі жылы өз қаласында ұйымдастыруға мүмкіндік алады. Бұл пікірсайыстың аймақтарда дамуына серпін береді дейді төрешілер.

ЕРБОЛАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, ТӨРЕШІ:

Қазіргі таңда ең бір маңызды нәрсе ол коммуникация. Ал пікірсайысшылардың арасында комуникация ол өте мықты. Өздері бір-бірімен араласуы. Яғни болашақ мықты кадрларды қалыптастыруға деген үлкен мектеп. Сондықтан мен пікірсайыс турнирінен алатын маңызды моменттер көп деп есептеймін.

Екі күнге созылған сөз додасында жастар барын салды. Турнир америкалық парламенттік форматта өтті. Басты ерекшелік те осы. Нәтижесінде қазақ лигасы бойынша Алматыдан келген «Ақеспе» фракциясы кубокты жеңіп алды.

МҰХАММЕДӘЛІ ӘЛІМБАЕВ, ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ:

Жарыс өте керемет деңгейде болды. Себебі бірінші Қызылордада өткенінің өзі бөлек атмосфера. Екіншіден Қазақстанның 20 облысынан келгендіктер әртүрлі атмосфералар, әртүрлі ойындар, жаңа таныстықтар. Барлығы, барлығы өте керемет.

Жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Айта кетейік, шара 3 жылдан бері Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жастар форумының Евразиялық өңірлік орталығының қолдауымен өтеді.