Павлодардың Ақсу қаласындағы жаңа жылу қазандығының жыры бітер емес. Салынғанына 5 жыл болса да, әлі күнге дейін іске қосылмады. Құрылысына 11 млрд 600 млн. теңге жұмсалған. Қыруар қаражатқа салынған нысан неге пайдалануға берілмей тұр? Өңірден Өзгеріс Қуанар.
Ақсуда жаңа жылу қазандығы 5 жыл бұрын іске қосылуы керек болатын. Алайда, жобалауда кеткен қателіктен нысан осы күнге дейін қаңырап бос тұр. Себебі қазандық қаланы түгел жылумен қамтуға шамасы жетпейді. Мамандардың пікірінше, шаһардың жарты бөлігін ғана жылытуы мүмкін. Бірақ, оның өзі күмәнді.
ЕРЖАН ИМАНЗАЙЫПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бір қазандықтың жобалық қуаты 30 гега калорий болуы керек еді.Қазіргі таңда олар 30 гега калорий алған жоқ. Олар тек қана 20 гега калорий алды. Сол үшін жобалық-сметалыққұжаттамаға біз корректировка жасаймыз.
Шенділер бұндай түзетуді 5 жыл бойы жасап келеді. Алайда, жобалауда кеткен олқылықтыҢ орнын толтыра алмады. Соның кесірінен қазандық жарамсыз болып тұр. Ал энергетик маман қателік тиісті бақылаудың жоқтығынан болғанын айтады. Мердігер жобада көрсетілмеген басқа қазандық орнатқан.
АМАНКЕЛДІ АМАНҒАЛИЕВ, САРАПШЫ ЭНЕРГЕТИК:
Бийск қаласындағы қазандық жасайтын зауыттан әкелуге тиіс болатын. Себебі, жобада күлі көп жоғары Екібастұз көмірі жағылады деп көрсетілген. Ал, бұлар көмірді там-тұмдап салып, бірақ лаулатып жағуға арналған қазандық қойды. Бұл әдіспен көмірдің 60-65 пайызы жанып үлгермейді. Оның үсітіне Екібастұз көмірінің 45 проценті күл болып шығады. Қазандықты бітеп тастайды. Ал, Майкөбе көмірін жағар болса мәселе оң шешілер еді. Бірақ бізді ешкім тыңдамайды.
Қазандық құрылысына 11 млрд. 600 млн. теңге жұмсалған. Алайда, қыруар қаржы өзін ақтамады. Жылу беру нысаны биыл да іске қосылмайды. Келесі жылы тағы да сынақтан өткізіп көрмекші. Ал шаһар халқы зауыттағы ескі қазандықтан жылынып отыр.