Русский Сайттың толық нұсқасы

Енді таксилерге тағы бір міндет жүктелмек

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2024
  • 83

Елімізде таксилерге өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болу талабы енгізілмек. Бұл туралы Мәжілісте заң жобасын қарау кезінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков такси компанияларына қойылатын талап қалай қамтамасыз етілетінін сұрады.

Бүгінде Қазақстанда Яндекс, InDriver, Максим, Aparu сияқты таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшалары бар. Олар өз қызметін тәуелсіз, бәсекелестік негізде жүзеге асырады. Заң жобасына сәйкес бұл қызмет пен такси қосымшалары, такси агрегаторлары автотасымалдаушылар палатасының құрамында болуы тиіс. Осыған байланысты өз-өзін реттейтін ұйымдарда міндетті мүшелік туралы талаптың орындалуын қалай қамтамасыз ету керек? – деп сұрады депутат.

Көлік министрі Марат Қарабаев мәселені түсіндірді.

Бізде заңда екі мәселе қарастырылған. Оның біріншісі – міндетті түрде, екіншісі – еркін түрде. Сіз айтып отырған интернет алпауыттарына міндетті түрде осындай өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болу қарастырылған. Егер ол өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болмаса, онда оның қызметі заңсыз деп танылады. Нәтижесінде заңсыз қызмет атқаруына басқа заңнамалық актілерде тыйым қарастырылған. Сондықтан осындай үлкен интернет платформалары өз қызметін сақтап қалуы үшін міндетті түрде алдағы уақытта өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болады. Бұл олардың қызығушылығын тудырады, - дейді ведомство басшысы.