Русский Сайттың толық нұсқасы

Тарихи құжат арқылы Қазақстанның дербес мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді

Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалған Декларацияның түп нұсқасын қазір Алматыда сақтаулы тұр. Тарихи құжат арқылы Қазақстанның дербес мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Маңызды құжатпен Айдана Шалқар танысты. 

АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:

Дәл қазір мен ҚР орталық мемлекеттік архивінде тұрмын. Ал қолымда - мемлекеттік егемендік туралы декларацияның түпнұсқасы. Тарихи құжаттың жобасы 4 ай бойы дайындалған. Ақырында декларация мақұлданып, Қазақстан өз заңдарын шығаруға құқылы болды.

1990 жылы Үкімет үйінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының 12-ші рет шақырылған Жоғары Кеңесі – «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдады. Бұл жай құжат емес, еліміздің егемендігіне жол ашқан тарихи алғышарт. Қағазға мөр қойылған сәттен бастап, Қазақстан ішкі саясатты, әлеуметтік мәселелерді, экономикалық ахуалдарды өз еркімен шешу құқығына қол жеткізді. ҚР мемлекеттік орталық архиві директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева: «Тарихи құжат архив қоймасына түскелі, көзіміздің қарашығындай сақтап жүрміз. Декларацияны оқып, көруге келетін жастардың саны көп», - дейді.

МӘРЗИЯ ЖЫЛЫСБАЕВА, ҚР ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл декларация бізге келіп түскені өздеріңіз білесіздер 21 жылы құрылғаннан бері бүкіл осы мемлекеттің билігінің, оның салаларының барлық мекемелер мен ұйымдардың, барлығының құжаттары осы орталық мемлекеттік архивке жыл сайын ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстарынан кейін өткізіліп отырған. Сол себепті Қазақ ССР-ның жоғарғы кеңесінің құжаттарының негізінде осы орталық мемлекеттік архивке сол кезеңнің құжаттарымен бірге сақтауға түскен.

12-ші рет шақырылған Жоғары Кеңес талқылауына 280 депутат қатысып, оның 261-і Мемлекеттік Егемендік туралы декларацияның енгізілуін қолдаған. Құжаттың жобасын даярлау жөніндегі комиссияны қазақ заңгері, академик-депутат Салық Зиманов басқарған. «70-ті алқымдаған азамат ештеңеге қарамастан 4 сағат бойы мінберде тұрып, депутаттар жолдаған сұрақтарға жауап беріп, әр бапты жіпке тізгендей түсіндірді», - дейді, тарихи сәттің куәсі болған атақты жазушы Марат Тоқашбаев.

МАРАТ ТОҚАШБАЕВ, ЖАЗУШЫ-ПУБЛИЦИСТ, ҚАЗАҚСТАН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ, ПРОФЕССОР:

Қазақстан бұл жерде не ұтты? Қазақстан ең алдыменен өзін егеменді, өзіндік аумағы территориясы бар, оның егемендігіне ешкім қол сұға алмайтын, өз алдына дербес егеменді мемлекет ретінде жариялады және одаққа кірем десе кіреді, шығам десе шығады құқығын өзінде сақтап қалды. Сыртқы қарым-қатынасқа, сыртқы саясаттың субьектісі ретінде өзі жеке дара мемлекет, жеке дара субьект ретінде өзін-өзі танытты. Қазақстан одақтық көлемдегі алтын, алмаз түріл байлық қорлары бар ғой, солардан өзінің үлесін алуға правалы деп жариялады.

Мемлекеттік егемендік туралы декларация күшіне еніп, осы құжаттың ізімен 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Сондықтан 25 қазан еліміздің азаттығы жолындағы маңызды күндердің бірі ретінде тарихқа енді.