Русский Сайттың толық нұсқасы

"Республика күні тәуелсіздігіміздің бастауы", - Президент

Бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да қуатты болады. Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында осылай деді. Барша қазақстандықтарды ұлттық мерекемен құттықтап, елдің дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады. 

Республика күні азаттықтың алтын қазығын қаққан күн. Тәуелсіздігіміздің бастауы. Мемлекет басшысы салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең үлық мерекесімен құттықтады. Еліміз таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайтынын баса айтты. Себебі, болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алады. Бірақ осы жолда түрлі қиындықтар кездесері анық. Биылғы алапат тасқын сол сынақтың бірі. Еліміздің 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Қаншама елдімекенді қарғын су басты. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, мал-мүлкін жоғалтты. Жұртым деп жұмылып, елім деп ерінбей жасаған еңбектің арқасында қиындықты еңсере білдік.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Күрделі сәтте менің халыққа арнайы үндеу жариялағанымды білесіздер. Онда бір де бір адам ескерусіз қалмайтынын нақты айттым. Мемлекет сол уәдесін орындады. Қысқа мерзім ішінде 2700-ге жуық үй салынды.

Елдегі ауқымды саяси жаңғырулар арқылы мемлекетіміздің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалды. Биліктің негізгі институттары қайта құрылымдалып, орнықты саяси жүйе қалыптасты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті. «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидаты – мемлекеттік саясатымыздың негізі.

Қазір елімізде Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Елдің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылуда. Биылдың өзінде ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөндеуден өтті. Айта кету керек, бірер күн бұрын еліміздегі ең ұзын көпір ашылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бес жыл бұрын Бұқтырма бөгеніне көпір салу туралы тапсырма бердім. Жұрт жылдар бойы жазда – пароммен, қыста – мұздың үстімен жүретін. Бұл өте ыңғайсыз әрі қауіпті болғаны түсінікті. Енді мәселе біржола шешімін тапты.

Президент экономиканы әртараптандыру үшін қабылданып жатқан жан-жақты шаралар туралы мәлімет берді. Биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Ауыл шаруашылығының даму қарқыны да жоғары. Шағын және орта бизнес те өркендеу жолына түскен. Әлеуметтік салаларға басымдық берілуде. Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 115 жаңа медицина нысаны салынды. Сонымен қатар, ұрпаққа сапалы білім беру – маңызды міндет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Соның арқасында 500 мыңға жуық бала жаңа білім ордасында оқитын болады.

Ғылымы мен техникасы дамыған елдер қашанда әлем көшін бастап тұрады. Мемлекет басшысы біздің де бұл үрдістен қалыс қалмауымыз үшін технократ ұлт болуымыз қажет екенін алға тартты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – уақыт талабы. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық.

Елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әл-ауқатына мемлекеттің сыртқы саясаты тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл саланы да назардан тыс қалдырған жоқ. Биыл біз үшін халықаралық маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Қазақстан бірден бірнеше көпжақты ұйымдарға төрағалық етті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын атап өтуге болады. Мемлекетіміз әлемдік аренадағы орнын дәйекті түрде нығайту арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді.

Президент бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық.

Мемлекет басшысы еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіс екенімізді айтты. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмай, ел жадында сақталуға тиіс екенін жеткізді.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуына орасан зор еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстады.