Русский Сайттың толық нұсқасы

Легионерлерге бюджеттен ақша бөлінбейді

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2024
  • 123

Қазақстанда жүрген шетелдік спортшыларға енді мемлекеттік бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Парламент мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиевтың бастамасы бойынша тиісті заң жобасы әзірленген. Спорт сүйер қауым мен сарапшылардың пікірі қандай? Еркелді Тілеуқұл сұрады. 

Қазақстанға келіп ойнау – шетелдік спортшылар үшін оңай олжаға айналды. Әсіресе, Париж олимпиадасынан кейін бұған көзіміз жетті, - дейді депутат Нартай Сәрсенғалиев. Кейбір спортшылар, тіпті, соңғы мезетте, ел намысын қорғаудан бас тартып жатқаны барлығына мәлім. Сондықтан, жұмыс тобы заң жобасын әзірлеп, Үкімет оны мақұлдаған. Енді, басты назар, бұқаралық спорт пен Олимпиада бағдарламасына кіретін ойын түрлеріне бағытталмақ

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мемлекеттің ақшасы, бюджеттің ақшасы, тек қана Қазақстан азаматтарының игілігіне жұмсалуы керек. Спорттағы қаражат жоғары жетістіктер, басым спорт түрлеріне беріледі. Мен былтыр депутаттық сауалымда айтқандай барлық 180 спорт түріне бірдей ақша берілмейді.

Спорт сүйер қауым бұл жаңалықты ести сала екі жікке бөлінді. Біреулері бұны дұрыс шешім десе. Екінші тарап, бұған дейін ақсаған спорт түрлері, мүлдем құлдырайды ма деп алаңдаушылығын білдіруде.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Керемет ойнаса екен. Қаншама ақша бекерге шетке кетіп жатыр. Қайта-қайта шетелден алып келе береді. Оның орнына ауылдан дарынды жастарды іздеуге болады деп ойлаймын.
- Ақша бөлген дұрыс. Неге бөлмеске? Бізде футбол мүлдем дамымаған ғой.
- Қазақ болса да, өзге ұлттан болса да, еліміздің азаматы болса, мемлекеттен ақша бөлген жарасады. Ал басқа мемлекеттен келсе, Үкіметтің ақшасын бөлуге қарсымын.

Ал, белгілі спорт сарапшысы, футбол жанашыры – Ермұхамед Мәулен бұл пікірмен толық келіспейтіндігін айтуда. Оған мысал ретінде, футбол мен футзалдағы еліміздің жетістіктерін айтуға болады. Өздігімізден, Кәрі Құрлықтағы терезесі тең құрама болуымыз неғайбыл еді, - дейді ол.

ЕРМҰХАМЕД МӘУЛЕН, СПОРТ САРАПШЫСЫ:

Сауд Арабиясы легионерлердің арқасында футболды көтергісі келіп жатыр. Қыруар ақша бөліп жатыр. Біздікі оның жанында бір шопағы ғана. Футбол болсын, баскетбол болсын. Осындай жағдайлардан кейін өседі. Өйткені олар өз командаларында Голландия чемпионатында, Бельгия чемпионатында ойнаған ойыншылармен теке-тіресіп, бәсекеге түсіп қана өсіп жатыр деңгейлері.

Айта кетейік, легионерлердің елімізде қаптап кеткені туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та пікір білдірген еді. Президент шетелдіктерден үнемделген қаражатты балалар спортына бөлу қажеттігін атап өткен.