Русский Сайттың толық нұсқасы

Жан-жануардың кейпін бейнелейтін квадроберлердің қатары артуда

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2024
  • 81

Өздерін ит пен мысық санап, тіпті, тамағын жейтін квадроберлер деген кім? Бірер ай бұрын елімізде тарала бастаған бұл мәдениет түрі қазір кең етек ала бастады. Әр жаңа үрдіс секілді қоғамды екі жікке бөлді. Қолдаушылар мен қарсылар не дейді? Жас ұрпақ үшін бұл қауіпті ме? Әріптесім Еркелді Тілеуқұл айтады. 

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ,ТІЛШІ:

Кез-келген жануардың түрін бейнелейтін осындай маскаңыз болса жеткілікті, нағыз квадроберге айналасыз.

Жануарды бейнелеп қана қоймай, ит секілді үріп, арыстан секілді ақырғандар көбейіп барады. Тіпті, жануардың азығын жейтіндер жеткілікті. Әлеуметтік желідегі бейнежазбалардың астында жастардың жаңа мәдениеті деп жақтағандар да, мәдениетімізде, салт-дәстүрімізде жоқ нәрсе деп даттағандар да бар.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Біздің қазіргі жастар сол ойынның кесірінен бұзылып жатыр ғой. Иттің дәрежесіне түсіп жүргендерді қате деп ойлаймын. Қазақтың намысын таптаумен тең деп білемін.
- Мен, шынымды айтсам, оларды жек көремін. Бұрын біздің кезде мультфильм көруші едік. Қазіргі балалар мүлдем бұзылып кеткен.
- Қазір олар барған сайын көбейіп бара жатыр ғой. Оларға қарсы заңмен шара көру керек деп ойлаймын.

Психолог Ғалияш Махашованың пікірінше, дабыл қағып салдарымен күрескенше, мәселенің түп-тамырына қараған жөн. Маман бірінші кезекте сұрақты балаға емес, оның ата-анасына қойған жөн екенін ескертті. Онда да, баланы және ата-ананы бұл әрекет үшін жазалаудың арты жақсы аяқтала қоймайтынына да назар аударды.

ҒАЛИЯШ МАХАШОВА, ПСИХОЛОГ:

Кез-келген жеке әрекеттің адамның өзіне немесе қоғамға пайдасы болмаса, ол өзінен-өзі басылады. Оған тек уақыт керек. Бұл бізге қауіпті деп дүмпу көтере берсек, оның кері танымалдылығы көтеріле бастайды. Нәтижесінде, жастардың, жасөспірімдердің құлағын елең еткіземіз. Ал, олар өз қарсылығын білдіріп, сол әрекетке бара беретін болады.

Айта кетейік, бұл суб-мәдениет түрі көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға кешірек жетті. Ала шапанды ағайын бұл қылыққа әуес болған ересектерді айыппұл саламыз деп ескертті. Ал, Қырғызстанда депутаттар білім беру министрлігіне шара қолдану туралы сауал жолдауда.