Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауылда жұмыс істегісі келетін мамандарға 7,5 млн теңге беріледі

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2024
  • 219

Ауылда жұмыс істегісі келетін мамандарға үй алуға 7,5 млн теңге беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылда тұруға және жұмыс iстеуге келген мамандарға республикалық бюджеттен үй сатып алуға ақша берілетінін айтты.

Қазіргі таңда Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Оның шеңберінде ауылдық жерлерде жеке үй салу ниетін білдірген ауыл тұрғындарына жаңа жер учаскелері бөлініп беріледі. Аталған учаскелер мемлекет есебінен сумен, электр қуатымен және газбен жабдықталады, - делінген жауапта.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында ауылдық елді мекендерде өз жұмысшыларына үй салып берген жұмыс берушілерге субсидия (аумағы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде) төленеді.

Бұдан басқа қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдап жатқан өңірлерде үй сатып алу үшін экономикалық мобильділік сертификаты (үй құнының 50%, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын мөлшерде) беріледі. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылда тұруға және жұмыс iстеуге келген мамандарға (денсаулық сақтау, бiлiм, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы және т.б.) республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алуға 2500 АЕК-ге дейін (аудан орталықтары үшін) және 2000 АЕК-ке дейін (ауылдық елді мекендер үшін) жылдық 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға дейін бюджеттік кредит беріледі, - деді Бектенов.

Еске сала кетейік, биыл 1 АЕК – 3 692 теңгеге тең.