Русский Сайттың толық нұсқасы

Тиынды теңгеге алмастыруда банктердің заң бұзып жатқаны анықталды

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2024
  • 159

Азаматтардың шағымына Ұлттық банк түсініктеме берді.

Тиынды теңгеге алмастыруда банктердің заң бұзып жатқаны анықталды

Халық неге наразы?

Мегаполистерде байқалмайды, бірақ өңір тұрғындарынан коммерциялық банктердің қарау тірлігіне қатысты Ұлттық банкке шағымдар түсіп жатыр.

"Біздің Ақтөбеде екінші деңгейдегі банктер тиындарды, әсіресе, ұсақ номиналдағы монеталарды қабылдаудан бас тартуда. "Елордадағы орталық банкімізге апарыңыз, солар қабылдайды" дейді. Бұл мазақ емес пе?! Мен Астанаға жеткенше, бұл ұсақтан әлдеқайда көп шығындаламын ғой? Басқа банктер тиынды купюрадағы теңгеге айырбастау үшін комиссия алатынды шығарды. Бұл не масқара?! Астанадағы Ұлттық банктің әмірі енді өңірлерге жүрмей ме?", – деп ашынады ақтөбелік Катерина Сергеева.

Банк қызметкерлері клиенттерге бейресми түсініктемесінде тікелей бастықтарының әмірін орындайтынын айтады.

Олардың түсіндіруінше, қап-қап монетаны әкімшілендіру, санау, сақтау және тасымалдау қомақты шығын шығаруды талап етеді. Ал, банктер аймақтардағы төл филиалдарын және олардың шығыстарын оңтайландырып жатқан көрінеді. Содан клиенттер тиын-тебенді көп әкелмеуі, тежеу салу үшін оған комиссия енгізген. Ұқсас деректер өзге өңірлерде тіркелген көрінеді.

"Диапазон" газетінің редакциясы да банктердің тиынды теңгеге ауыстырғаны үшін ақы алуына наразы халықтың шағым жазып жатқанын хабарлады.

"50, 100, 200 теңгелік монеталарды литрлік банкіде жинаған едік. Енді оны қағаз ақшаға айырбастауға ұйғардық. Алайда күтпеген жерден банктер оларды қабылдаудан бас тартты. Қалай айтсаң да мүлдем илікпейді. Қаржы сомасының 1%-ы көлемінде ақы талап етеді. Теңгені теңгеге айырбастау үшін ақша төлейтін заман туды ма? Неге мен банкоматта немесе терминалда қағаз ақшаны алым-салықсыз сала аламын, ал, касса арқылы ақша үшін 1% алым сұратады?", – деп таңданысын жасыра алмады оқырмандардың бірі редакцияға хатында.

Бұл жайт ғаламторда резонанс тудырды.

"Бұдан шығар байлам біреу. Бұдан былай тиынды банкіде жинаудың қажеті жоқ, тек шығынға батасың. Мемлекетке де, банктерге де ұсақ керек емес. Егер тиындарың қалта тесіп бара жатса, дембіл-дембіл оны садақаға таста, базар жағалаған, басқа да қалтарыста бүрсиген мүгедектерге, қайыршыларға тарат", – деп кеңес береді Нәке есімді пайдаланушы.

Қазақстандықтардың бір бөлігі ұсақты кез келген шағын дүкен қуана-қуана купюраға айырбастап беретінін еске салды. Дегенмен, кейбір тұрғындардың айтуынша, дүкендер де кейде мұндай айырбас үшін белгілі бір үлес-ақы талап етеді, немесе тауар сатып алуға міндеттейді.

Ұлттық банк мамандары ұлттық валютаның тиындарын қағаз теңгеге Ұлттық банктің өңірлердегі филиалдарының кассаларында айырбастауға болатынын хабарлады. Мұнда ескеретін үш жайт бар. Біріншіден, облыс орталығындағы филиалдардың бәрінде бірдей касса болмауы мүмкін. Қайсысында барын алдын ала нақтылап алған жөн. Ұлттық банктің аумақтық филиалдарының телефондары мен электронды пошталары мына жерде көрсетілген.

Екіншіден, кассаның жұмыс режимі тым шектеулі. Олар әдетте жұмыс күндері – дүйсенбіден жұма аралығында, таңғы 10:00-ден 13:00-ге және 14:00-ден 15:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Нақты ақпаратты тағы да телефон арқылы хабарласқанда алдын ала біліп алғаныңыз жөн.

Үшіншіден, касса алдында көбіне кезек қалыптасады. Сондықтан әлдебір жұмыспен бара жатып, жолай соға салсаңыз, уақытыңыз тығыз болса, кезегіңіз жетпеуі мүмкін. Демек, алдын ала жоспарлап, күннің жартысын арнауыңызға тура келеді.

"Тура ашылардың алдында – таңғы онға дейін барсаңыз, кезегіңіз де тез келуі ықтимал. Өйткені Ұлттық банктің филиалдары барлық банктерге де қызмет көрсетеді, олардың өкілдері касса алдында кезекте тұрады. Бұған қоса, тиындар араласып кетпесін, күнібұрын оларды номиналдары бойынша ажыратып, бөліп әкеліңіз. Оларды аппарат есептейді. Сондай-ақ өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді ала келіңіз. Бізде алмастыру тегін. Ал, екінші деңгейлі банктер монеталарды қағаз купюраларға ауыстырғанда комиссия алуы мүмкін", – деп растады Ұлттық банк филиалының қызметкерлері.

Банктердің тиынды қабылдаудан бас тартуы – заңсыз

Ұлттық банктің өзі банктердің шақаларды қабылдаудан бас тартуы заңсыз екенін мәлімдеді.

"Банктердің тиын қабылдаудан бас тартуына қатысты азаматтардың шағымдарын қарай келе, келесіні хабарлаймыз: "ҚР Ұлттық Банкі туралы" заңының 43-бабына сәйкес, ҚР ҰБ айналысқа шығарған банкноттар мен тиындар Қазақстанның бүкiл аумағында, төлемдердiң барлық түрi бойынша, сондай-ақ банк шоттарына енгiзу және ақша аудару үшiн олардың белгiленген құнымен қабылдануға тиіс. Тиындарды Қазақстанның барлық банкi, бейрезидент банктердің филиалдары және "Қазпошта" шектеусiз ұсатуға және айырбастауға міндетті. Тиындар – заңды төлем құралы және барлығы оны сонда белгіленген құнымен қабылдауға міндетті", – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Монетарлық реттеуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 206-бабына сәйкес, "Қазақстан аумағында айналыста жүрген, заңды төлем құралы болып табылатын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын көрсетулі құны бойынша қабылдаудан бас тарту" үшін – бірінші жолы ескерту жасалатынын еске салды.

Егер бұл заңсыз әрекетін әкiмшiлiк жаза қолданылған соң бiр жыл iшiнде қайталап жасаса:

шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 5 АЕК,

орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК,

ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК айыппұл салынады.

Бұл жаза өзге субъектілерге арналған. Ал, егер екінші деңгейлі банктер, ұлттық пошта операторы Қазақстан аумағында айналыста жүрген және барлық төлем түрі бойынша қабылдауға жататын ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын қабылдаудан, ұсақтаудан, айырбастаудан бас тартса, онда бірден 50 АЕК айыппұл салынады.

Алайда жалпы активтері 56 триллион теңгеге жеткен банк секторы 50 АЕК (2024 жылы 184 600 теңге) айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрмейді. Сонымен бірге Қазақстанда отырып, қазақстандық теңгені (тиын күйінде) қабылаудан бас тартқаны үшін оларға елу АЕК-тен басқа ауыр жаза қарастырылмаған.

Ендеше Мәжіліс пен Сенаттағы ауқатты депутат ағалар бұқараның бұл мұң-шағымына бір уақ назар аударып, банкирлердің лоббиіне тойтарыс беріп, жазаны қатайтса, құба-құп.

Ұлттық банк комбанктердің және басқасының тек екі жағдайда ғана ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын қабылдай алмайтынын жеткізді. Біріншіден, егер онда қолдан жасаудың анық белгілері болса, екіншіден, егер банкноттар мен монеталар төлем жасалмайтын болып табылса, заңды төлем құралы болып табылмаса (мысалы, онда "үлгі-образец", немесе "банк приколов" сияқты жазбалар таңбаланса).

"Осыған байланысты, егер банктер немесе өзгесі заңды төлем құралы болып табылатын банкноттар мен тиындарды қабылдаудан бас тартып жатса, Ұлттық банктің аумақтық филиалына өтінішпен жүгіну қажет. Сонда филиал тиісті шара қолданады. Сонымен бірге, банк қызметкерінің қабылдаудан бас тартуын видеофиксациялап, камераға түсіруге немесе монетаны алудан бас тартуының жазбаша негіздемесін талап етуге кеңес береміз", – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Банктердің тиын үшін комиссия алуы – заңды

Ұлттық банк филиалдарының қызметкерлері банктердің монеталарды қабылдайтынын, әйтсе де, сол үшін қосымша ақы, комиссия алатынын жасырмады. Мұнда да Парламент жіберген олқылық әшкереленді, себебі, заң жүзінде бұқара банктердің талауына тасталғанға ұқсайды. Салдарынан, банктерді тиынды сонда таңбаланған құнымен қабылдауға мiндеттейтін заң талабы бұзылады. Тиында "100 теңге" деп жазылса, банк сонша құнын төлемейді, өз комиссиясын алып, кем сома береді.

"Тиындарды банкнотқа айырбастау кезінде екінші деңгейлі банктердің комиссия алуы мәселесіне келсек, "ҚР банктер және банк қызметі туралы" заңының 39-бабына сәйкес, сыйақы ставкалары мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктердің өздері дербес белгілейді. Бұл ретте аталған заңның 30-бабы бойынша кассалық операцияларға: банктердің және "Қазпоштаның" қолма-қол ақшаны ұсақтауы, айырбастауы, қайта санауы, сұрыптауы, орауы, сақтауы, сондай-ақ қабылдауы және беруі жатады. Осы айтылғанды негізге алсақ, банк банктік қызметтеріне, соның ішінде қолма-қол ақшаны айырбастағаны, ұсақтағаны үшін өз бетінше комиссия белгілеуге құқылы", – деп мәлім етті Ұлттық банк.

Ұлттық банк қызметкерлері неге көп демалады?

Қазақстандықтар тиындарды қабылдайтын Ұлттық банк филиалдарының кассаларының тым аз уақыт, жарты күндей ғана істейтініне наразы.

"Ұлттық банк филиалдарының жұмыс кестесіне келсек, Еңбек заңнамасына сәйкес, еңбек күн тәртібін – ішкі тәртіптемені жұмыс берушінің өзі бекітеді. Осыған байланысты, Ұлттық банктің Ішкі еңбек тәртіптемесі қағидаларында келесі қарастырылған. Ұлттық банк жұмыскерлері үшін екі демалыс күні (сенбі және жексенбі) бар 5 күндік жұмыс аптасы бекітілген. Демалыс пен тамақ ішуге арналған үзілістің ұзақтығы – 1,5 сағат: 13.00-ден 14.30-ге дейін. Сондай-ақ ҚР ҰБ операциялық күнінің кестесіне сай, Ұлттық банктің аумақтық филиалдары жүзеге асыратын ұлттық валютадағы айырбастау, ұсақтау операциялары күн сайын 15.00 сағатқа дейін ғана жүргізіледі", – деп түсініктеме берді қазақстандықтарға Ұлттық банк.

Яғни, кассалардың қысқа уақыт жұмыс істеуін Ұлттық банк өз бетінше белгілеп алған. Бұған енді депутаттардың ықпал ете алуы неғайбыл.