Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Республика күнінде Мемлекеттік Ту көтерілді

Биыл алматылықтар Республика күнін ұлан-асыр атап өтті. Халық мейрамның мерейлі сәтінде «Медеу» мұз айдыны жанындағы алаңда ту көтеру салтанатына жиналып, мерекенің шырайын келтірді. 

Мемлекеттік ту дәстүрге сай әскери үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен көкте желбіреді. Көлемі 98 шаршы метр, ені – 7, ұзындығы – 14 метр. Ал шыңдағы бағананың биіктігі – 40 метр. «Мемлекеттік Егемендік туралы Декларация Алматыда қабылданды. Құжат пен мерекенің саяси маңызын жастарға үйрету осындай іс-шаралар арқылы жүзеге асады» - дейді, қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков.

АЙДАР ЕСЕНБЕКОВ, ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгін біз мына Медеу шатқалының баурайында орналасқан бұл тұғырдың маңында мемлекеттік туымызды аспанға желбіретіп, мемлекеттік гимнымызды айтуға жиналдық. Бұл жерге Алматы қаласының тұрғындары, жастары, депутаттар, Қоғамдық Кеңестің мүшелері басқа да азаматтар келіп, осындай патриоттық іс-шараға атсалысып жатыр.

БАҒДАТ АНАРБАЕВА, ЖАСТАР САЯСАТЫН ДАМЫТУ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Осындай патриоттық мерекелер жастар үшін өте маңызды, өйткені олар осылайша тәуелсіздігіміздің мәні мен құндылығын жіті түсінеді деп есептеймін. Одан бөлек, мұндай шаралар жастардың рухын көтеріп, жаңа бір леп пен дем сыйлайды. Бүгін мың жарымнан аса адам жиналды. Көбісі жастар мен еріктілер.

Атаулы мереке, әрине, ән-күйсіз өтпеді. «Медеу» спорт кешеніне жиналған дүйім жұрт рухани байып, сондай-ақ, сүйікті әртістерінің концерттік бағдарламасын тамашалады.