Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада автобус қағып мерт қылған қыздың туғандары тың ақпараттармен бөлісті

Көше бар, тротуар жоқ. Астанада 22 жастағы бойжеткенді автобус қағып мерт қылды. Марқұмның туғандары бұған тротуардың жоқтығы себеп болды дейді. Осының кесірінен, жас қыз көлік жолына шығып кетуге мәжбүр болған. Мәселені тұрғындар талай рет көтергенімен, естір құлақ болмапты. Әбден үміті үзіліп, көңілі қалған қараша енді осыдан кейін сең қозғалса екен деп отыр. Қыршын кеткен қыздың жақындарымен әріптесіміз Мөлдір Жақан тілдесті. 

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Қайғылы оқиға Айтматов және Молдағалиев көшелерінің қиылысында болған. Кешкі тоғыз жарым шамасында сұлулық салонынан үйге бағыт алған жас қыз қапыда ажал құшты. Бойжеткен көлік жолынан өтеді. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай, көшеде тротуар жоқ. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Сөйтіп көлік жолының жиегімен кетіп бара жатқан қызды автобус қағып кетіп, ол тілге келместен көз жұмды.

Лолита Кан елордаға небәрі 2 ай бұрын Шымкент қаласынан қоныс аударған. Арманы асқақ қыздың болашаққа жоспары көп еді. Марқұмның туғандары осылай дейді.

АНАСТАСИЯ КАН, МАРҚҰМНЫҢ ӘПКЕСІ:

Бұл маңда бұрындары аялдама болатын. Оны алып тастады. Сондықтан сіңлім үйге жаяу баруға бел буды. Автобус қағып кеткен соң, ол есін жимастан көз жұмды. Қоғамдық көлік мыжып өткен. Жүргізушісі 68 жаста деп естідік. Қарттардың мұндай жауапкершілікті жұмыста істегендері дұрыс емес қой. Сіңлімнің өмірі енді ғана басталып жатқан еді. Мансап құрып, мақсаттарына қол жеткізгісі келді. Бәріміз есеңгіреп қалдық.

Маңайда тұрғын үй кешендерін үсті-үстіне салып жатыр. Алайда тұрғындардың жағдайын ойлап жатқан ешкім жоқ. Қарапайым тротуар олар үшін арманға айналған. Лолитаның жақындары қаралы жағдайға тек қоғамдық көліктің жүргізушісін емес, көшенің бойында тұрғын үй кешенін салып жатқан құрылыс компаниясын кінәлап отыр. Сондай-ақ тұрғындардың айтуынша, оқиға болған жерде көше жарығы істен шыққан.

АББАС АППАЗОВ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:

Бұл жерге белгілер орнатылса, мұндай жағдай болмас па еді. Билік өкілдерінен бұл мәселеге мән беруін сұраймын. Жаяу жүргіншілерге арналған жер қалмады. Лолита белгіленбеген жерден жолды кесіп өтті деп, кінә артпақшы. Алайда, көшенің арғы бетінде де осындай жағдай. Басқа қай жермен жүру керек? Құрылыс компаниялары жауапкершілік алу керек қой. Құрылыс жүргізіп жатса да, халықтың ыңғайлы жүріп-тұруына жағдай жасауы керек емес пе? Әкімдік те мұны бақылауға алуы қажет деп есептеймін.

Құрылыс компаниясының өкілдері өздеріне шаң жуытар емес. Мәселені әкімдікке сілтеді. Айтуларынша, күл-талқаны шығып жатқан аумақ компанияға тиесілі емес.

ДУМАН ӘБЕНОВ, УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ:

Құрылыс алаңы анау ағаш тұрған жер ғана, ол бергі жағы біздікі емес. Бізге жатпайды бұл жер, акиматтың жері ол. Ограждениені алып тастадық, потому что бізде уже зеленка, полностью тротуар жасап жатыр.

Бұл жағдайға қатысты әкімдік мардымды жауап бермеді. Дегенмен, қылмыстық іс қозғаған полиция алдағы уақытта құзырлы басқармаға ұсыным жіберетінін жеткізді.

ӘСЕТ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД АНЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру жүргізілуде. Қылмыстық іс шеңберінде біз көлік басқармасына жол-көлік оқиғаларының туындауына немесе жасауына ықпал ететін мән-жайларды жою туралы ұсыным жіберетін боламыз.

Қапыда жақынынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан отбасы бұл іс майшаммен қаралып, әділ шешімін тапса екен деп сұрайды.