Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда сүрілуі тиіс саяжай иелері әкімдік ұсынған өтемақы көлеміне қанағаттанбай отыр

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2017
  • 2726

Керекуде сүрілуі тиіс саяжай иелері әкімдік ұсынған өтемақы көлеміне қанағаттанбай, соттасып жатыр. Анықталғандай, бүгінде 22 учаскенің қожайыны меншігіндегі жер телімін мемлекетке қайтарудан бас тартқан. Бұған басты себеп - бұл аумақтарда тұрғындар баспана тұрғызып, тұрақтап қалған. Егер үйлері бұзылса, далада қаңғырып қаламыз деп,- алаңдайды. Билік пен бұқараның арасындағы даудың себебін әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы анықтауға тырысты.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бірер жылда Павлодардың оңтүстік бөлігінде «Достық» деп аталатын шағын аудан пайда болмақ. Жергілікті билік оны «Строитель» саяжайлар кешені есебінде тұрғызуды жоспарлап қойған. Бүгінгі таңда учаске қожайындарының бір бөлігі жер телімдерін мемлекетке қайтаруға келісімін берген. Алайда, бір топ қауым мемлекет ұсынған өтемақы көлеміне наразылық білдіріп, соттасып жатыр.

Гүлнәр Құсайынова 9 сотық жерді осыдан бес жыл бұрын сатып алғанын айтады. Бала-шағасымен үлкен үй тұрғызуды мақсат еткен. 3 млн теңге несие рәсімдеп, бір жазда кең сарайдай баспананы салып бітіреді.  

Гүлнәр Құсайынова:

Құрылыс материалдарын бәрін өзіміз тасыдық. Шелекпен, қаппен ана үстіне көтердік. Балшықпен сыладық өзіміз. Ішің ауырады. Бізде адамбыз. Бізде олар сияқты жақсы өмір сүргіміз келеді.

Су жаңа шағын аудан пайда болады,- дегенді естігелі бері әйелден маза кеткен. Өйткені оның баспанасы тұрған жер сүрілуі тиіс аумаққа еніпті. Әкімдіктен келгендер учаскені бағалап, 900 мың теңге көлемінде өтемақы белгілеген.

Актым бар жерге, тех паспорт бар, учаскеге сатып алу туралы келісімшарт та бар. Бәрі бар, тек үйге құжат жоқ.

Дәл осындай жағдай көршісі Дулат Құсмановтың да басында бар. Бірінші топтағы мүгедек бар жиған-тергеніне тұрызған жалғыз баспанасы бұзылса, қайда барарын білмей дал.

Дулат Құсманов:

13-ші жылы жерді сатып алып, барлық үкіметтік ұйымдарға барып, рұқсат сұрап, ЦОН, жер бөлімі, сәулет бөлімінен, не істесеңдер, өз еріктеріңіз,- деді. Жер жеке меншік. Алты жарым млн теңге жұмсадым осыған. Акиматтың бағалар отырғаны 870 мың қазір.

Бағалаулар тек жер теліміне ғана жүргізілген. Екі жағдайда да баспана құжатының болмауынан, үй-жай есептелмей қалды. Саяжай учаскесінде тұрғын-үй салу қаншалықты заңды? Бұл сұраққа тәжірибелі заңгердің өз айтары бар.

Владимир Борман, заңгер:

Адамның меншіктік құқығы сақталады. Бірақ, мемлекет жеке иеліктерді мемлекеттің мүддесі үшін алуға толық құқығы бар. Бұл жерде шенеуніктер өздерінің жеке мүддесі үшін саяжай телімдерін алып жатқан жоқ қой?! Екіншіден, саяжай ретінде пайдаланған жерде, егер құжатта солай жазылса, жеке тұрғын-үй салуға ешкімнің хақы жоқ.

Назар Жұмабеков, Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Келісім бермеген 22 меншік иесі қалды. Олармен жеке-жеке әңгімелесіп жатырмыз. Сотқа жеткізбеуге тырысамыз. Келіспегендердің бір бөлігі - басқа жерден дәл сондай аумақта, сол сомада телім берілсе деген тілектерін айтты. Ал бір тобы бағалау сомасына қанағаттанбаған. Енді қайта бағалау жүргізіледі. 

Қаланың «Бас жоспарына» сәйкес 510 саяжайды сүру туралы шешім қабылданған. Қазірде құрылыс бөлімі телімдерді рәсімдеу жұмысына кірісті. Ал, жер қатынастары мамандары меншік иелерінен учаскелерді сатып алу ісін шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ