Русский Сайттың толық нұсқасы

Қытайда «Трами» тайфуны ойран салып жатыр

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2024
  • 105

Көрші елдің оңтүстігінде бүтін бір қала мен аралдың халқы эвакуацияланды, деп хабарлайды 24KZ.

Он мыңдаған кеме жағаға шығарылды. Әуе мен теміржол рейстері кейінге шегеріліп, жолдарда қозғалыс шектелді. Жойқын дауыл жолындағының бәрін жайпап барады.

«Трами» – биылдыққа Қытайда соққан 20-шы тайфун. Жойқын дауыл сағатына 120 шақырым жылдамдықпен соғып тұр. Теңіз дауылы Хайнань провинциясының тұрғындарының өміріне қауіп төндірді. Жергілікті билік Саньша шаһарының халқын түгел эвакуациялады. Сонымен қатар Сиша аралының тұрғындары да қауіпсіз жаққа көшірілді. Жұрт вокзал, білім ошақтарын паналауға мәжбүр.

Чжан Чаофан, Юнсин аралы әкімшілік бюросы директорының орынбасары: - Жаппай көшіруге тура келді. Ең бастысы – қауіпсіздік. Біздің аралда мұндай жағдайда жедел әрекет ету тәжірибесі қалыптасқан. Дауыл алдағы күндері күшейе түседі деген мәлімет бар. Тұрғындар мен балықшыларды мектеп, жатақханаларға орналастырдық. Қауіп сейілгенше осында тұрақтайды.

Тайфуннан су деңгейі көтеріліп, бірқатар қала көшелерін шайып кетті. Нөсер жауын елді әбігерге салды. Кемелер жағаға шығарылып, 50 мыңнан астам балықшы қауіпсіз жерге жеткізілді. Хайкоуға қатынайтын жүрдек пойыздар тоқтап қалды. Қаладағы бірнеше порт жұмысын тоқтатты. Су қоймаларын күндіз-түні бақылауға көшті.

У Чжиянь, Хайнань метеорологиялық қызметінің синоптигі:- Мониторингке сәйкес «Трами» елдің батысына қарай жылжиды. Қазір тайфун Хайнань мен Сиша аралдарының ортасында айналып соғып тұр.

Алдағы күндері екпіні арта түседі. Аймақта қауіптің ең жоғары қызыл деңгейі жарияланды. Байланыс үзіліп, жарық ажыратылды. Қазір табиғи апаттан келген шығын көлемін есептеу шаралары ішінара басталды.