Жиһаз жасаймын деп жұртты алдаған оралдық алаяқ үш жарым жылға сотталды. Жылтырақ жарнамаға сеніп, тақырға отырған аңғал тұрғындар ақшасынан айрылғанын кейін сезіп, полицияға шағымданыпты. Айласын асырған азамат жеке кәсіпкер ретінде серіктестік ашып, тапсырыс берушілердің сеніміне кіріпті. Тіпті үйіне барып, жиһаз қоятын орынды өлшеп, сұраған ақшасын санап алады. Кейін тапсырысыңды орындап жатырмын деп жалған сурет жіберіп, уақыт соза бастайды. Бір бәлеге ұшырағанын білген жұрт ұятты қойып, полицияға шағымданыпты.
АЙБЕК ҚОНАР, ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ:
Алаяқтың әрекетінен 7 жәбірленушіге 8 миллион 633 мың теңге көлемінде залал келтірілген. Сотталушы сотта өз кінәсін мойындамай, азаматтық-құқықтық қатынастар жасағанын айтқан. Мемлекеттік айыптаушы - прокурор сотта кінәсін толықтай дәлелдеді. Қылмыскер екі және одан да көп адамға ірі мөлшерде келтірген зияны үшін 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айрылды.