Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада Өңірлік даму кеңесі мүшелерінің көшпелі отырысы өтті

Астанадағы көпбалалы отбасылар қоныстанған тұрғын үйдің техникалық жағдайы сын көтермейді. Баспанадағы біршама инженерлік коммуникация істен шыққан. Жылу тораптарындағы сорғылар, паркингтегі электр жабдығы, өртке қарсы дабыл сынды жүйелер бар болғанымен, жұрт игілігін көре алмай отыр. Тұрғындардың өтініші бойынша "AMANAT" партиясы қалалық филиалы жанындағы Өңірлік даму кеңесі мүшелерінің көшпелі отырысы өтті. 

Қазір бұл көпқабатты тұрғын үйдегі 1500 пәтерге 8 мыңнан аса адам қоныстанған. Дені- жас отбасылар. Олар мемлекеттің қолдауымен мұнда 5 жыл ғана тұра алады. Сондықтан тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарына аса көңіл аудара қоймайды. 24 қабаттан тұратын баспананың жағдайы жылдан жылға құлдырап бара жатқаны көпбалалы отбасылардың жанына батады.

НАЗГҮЛ САТБАЕВА, МЕНШІК ИЕЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл үйде ремонт болмағаны былай тұрсын. Пожарный сигнализация жоқ. Дым удаление жоқ. Вентилияция системасы, ешқандай жүйе жұмыс жасамаған. КСК "НС Ақжол" бізге келіп құр кілтті тастап кетті. Ешқандай құжат, техпаспорт, системалардың ешқандай құжаты жоқ. Біз жаңадан сол құжаттарды көтеріп келе жатырмыз.

Тұрғындар бұған дейін жөндеу жұмыстары қажет деп тиісті мекемелердің есігін талай қаққан. Алайда нәтиже жоқ. Көп сенім артқан қала әкімдігінің "Тұрғын үй қоры" мекемесінің басшысы "көпқабатты үй бізге қарамайды, тек пәтерлерге жауап береміз" дейді.

ДӘУЛЕТ РАХЫМҒҰЛОВ, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ "ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫ" КММ ДИРЕКТОРЫ:

Тұрғындардың талабы бойынша біз көмек көрсете алмаймыз. Мен заңдық тұрғыда жауап беріп жатырмын. Тұрғын үйді салған, оны қабылдап алған біз емес. Біз тек пәтерлерді алдық. Инженерлік жүйелерді біз тексермейміз.

Алдағы уақытта төтенше жағдайлар департаменті, әкімдік, полиция басқармасы және прокуратурамен кездесу өтеді. Мәселені шешу жолдары қарастырылады, дейді депутат Қанат Естек.

ҚАНАТ ЕСТЕК, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Осы туралы біз өзіміздің отырыста талқылайтын боламыз. Біз міндетті түрде хат жолдауымыз керек. Әр органдарды шақыртуымыз керек. Сол дөңгелек үстел жасап сол мәселені қарастыруымыз керек. Біз міндеттіміз. Бұл негізінде партияның қарауында болады.

Кездесу соңында партия өкілдері көпқабатты тұрғын үйдегі мәселелер қараша айының бас кезінде нақты шешімін табатынын жеткізді.