Русский Сайттың толық нұсқасы

Қаланың қақ ортасында бос жатқан жерге саябақ салынды

Елорданың қақ ортасында жаңа саябақ салынды. Тұрғын үйлер мен сауда орталығының маңындағы скверде қала қонақтары мен тұрғындары үшін бар жағдай жасалған. Халқы күн санап көбейіп жатқан шаһарда мұндай саябақтар көптеп салынуы керек дейді тұрғындар. 

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Майда қиыршық тастардан жасалған жол, үлкен ағаштар. Бұл ағылшын стиліндегі саябақ. Бұрын қаланың қақ ортасында қаңырап жатқан жерге осындай демалыс орны салынды. Мұнда 600 -ге жуық терек пен шырша отырғызылған. Келер жылы ттағы 28мың көшет егу жоспарланған. Осылайша қаланың көркіне көрік қосып, ажарын аша түсетін шағын орман болады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Өте әдемі, серуендеп жүреміз. Осындай саябақтар қалаларда болса жақсы болушы еді.
- Астана үлкен қала. Көп қаладан адамдар көшіп келіп жатыр. Жазда отбасымызбен шығып демалар едік. Күшті енді.
- Осы саябақтың қалай жасалып жатқанын біз көрдік. Жалпы әдемі деп санаймын. Қалада көбірек болса күшті болушы еді.

Былтыр Мемлекет басшысы елорданы дамыту жөніндегі кеңес отырысында шаһарды абаттандыру жұмысына көңілі толмайтынын жеткізген еді. Әкімге бірқатар тапсырма жүктеген болатын.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келесі мәселе – қаланы абаттандыру. Бұл жерде ұсақ-түйек деген мәселе болмауы керек, бәрі – маңызды. Өкінішке қарай, қаланың көркі қашып барады. Абаттандыру жұмысына соңғы 3 жылда 45 миллиард теңге бөлінді. Қаланың келбетін әр әкімнің талғамы бойынша өзгерте беруге болмайды. Нақты бекітілген жоспармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін қалада 40-қа жуық саябақ ашылды. Тозығы жеткен скверлер жөндеуден өтті. Абаттандыруға бөлінетін қаржы да артты. Достық пен Сауран көшелерінің қиылысындағы бос жатқан жерге демалыс орнын салу да Президенттің пәрмені болатын.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ:

Көп жылдар сол ауданның тұрғындары бұл мәселені көтерген. Былтыр Президент осы алаң бойынша нақты тапсырма берген. Ол жұмыс биыл аяқталып биыл қолданысқа беріліп жатыр. Біз биыл 140 көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандырдық. Енді келер жылы жұмыстың көбі қаланың шетіне жоспарланған.

Қазір саябақ құрылысының толық аяқталуына санаулы күндер қалды. Айта кету керек, қала әкімдігі бос жатқан жерлер мен қоғамдық орындарды абаттандыруға баса назар аударуда. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 170 нысан жасыл желекке айналды.