Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайлық шаруалар былтырдан бері алған несиелерін жаба алмай отыр

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2024
  • 146

Қостанай облысындағы шаруалар астық жинауда мол өнім алса да, өткен жылдан қалған және биыл алған несиелерін өтеуде қиындықтарға тап болуда. «Кең дала» бағдарламасы бойынша диқандарға 11,9 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген, оның жартысын желтоқсан айының 1-іне дейін қайтару қажет. Алайда бүгінгі күні тек 2%-і ғана өтелген, деп хабарлайды 24kz телеарнасы.

Қарызды қайтарудағы басты қиындықтардың бірі - «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» тапсырылатын астықтың сапасын сақтау мен оны қабылдау мәселесі. Өнімді элеваторға жеткізу барысында бидай сапасы төмен бағалануы, қабылдау пункттерінің толып қалуы және кейбір жекеменшік элеваторлардың корпорациямен жұмыс істеуден бас тартуы шаруалардың жағдайын қиындата түсуде. Бұл туралы «Қазақстан фермерлер қауымдастығының» Қостанай филиалының төрағасы Марат Ахметов мәлімдеді.

Қостанайлық диқандардың корпорацияға 600 мың тоннадан астам бидай тапсыру міндеті бар. Сондай-ақ, форвардтық сатып алу келісімі бойынша, берешектерін 1 қарашаға дейін өтеуі тиіс. Алайда бұл мерзімге дейін барлық міндеттемелер орындалмайтын көрінеді.

«120 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 11 млрд теңге қаржы берілді, оның 70%-і қайтарылды. Былтырғы пролонгацияланған 2,9 млрд теңгенің 60%-і өтелді. Бағдарлама толық жабылады деп үміттенеміз», – дейді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» облыстық өкілдігінің директоры Алмат Шаяхметов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шаруалардың жыл соңына дейін келісім-шарттық міндеттемелерін орындауын талап етіп отыр. Олай болмаған жағдайда, келісімшарт негізінде қарызды мәжбүрлеп өндіру үшін сот санкциялары қолданылуы мүмкін.