Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайлық жаттықтырушыға 6 млн теңгені заңсыз иемденді деген айып тағылды

  • AstanaTV
  • 03 қараша 2024
  • 161

Қостанай қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы бюджет қаражатын иемденді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс прокуратурасына сілтеме жасап.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың қаңтарына дейін балалар мен жасөспірімдер командаларының шорт-трек жаттықтырушысы қызмет бабын пайдаланып, шығындар сомасын заңсыз көбейтіп, жалған аванстық есептер құрастырған. Есептерде жиындарға және жарыстарға бармаған адамдардың есімдері көрсетілген.

Алаяқтық жолмен алынған ақшаны жаттықтырушы өзі алып отырған. Жымқырылған бюджет қаражатының сомасы 5,9 млн теңгені құрады. Бұл ақшаны жаттықтырушы депозитке салып, 9,6% мөлшерлеме бойынша ай сайын сыйақы алып отырған.

Депозит бойынша сыйақы ретінде заңдастырылған қылмыстық кіріс сомасы 613 мың теңгені құрады.

Жаттықтырушының әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігі 1-тармағы (қызмет бабын пайдалана отырып сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі көлемде жымқыру) және 218-бабының 1-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, яғни оларды заңды айналымға тарту) бойынша сараланған.

Аталған баптар бойынша ең жоғарғы жаза ретінде жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға алты жылға дейін тыйым салу қарастырылған.