Түркістан облысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ұстамасы басталған 3 жасар қыздың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 1 қараша күні сағат 14.00 шамасында Құдайбергенов көшесіндегі дүкендердің бірінде болған.
Вдомствоның мәліметінше, Volkswagen көлігінен қолында кішкентай қыз бар ер адам жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұрады. Бұл жағдайды байқаған әскери қызметшілер ойланбастан көмекке барды. Қатардағы жауынгер Нұрболат Сейсенбеков жағдайды бағалап, дереу алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірісті. Ал осы уақытта сержант Жанболат Дүйсенбай жедел жәрдем шақырды.
Уақытылы көрсетілген алғашқы медициналық көмек жедел жәрдем келгенге дейін қыздың жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Әскери қызметшілердің кәсібилігі мен табандылығы баланың жағдайын тұрақтандыруда шешуші рөл атқарды.