Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәдени ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі – Аида Балаева мен Лоранс де Кар екі ел арасындағы мәдени жобаларды талқылады

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2024
  • 241

Мәдени ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі – Аида Балаева мен Лоранс де Кар екі ел арасындағы мәдени жобаларды талқылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары қарсаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Лувр музейінің президент-директоры Лоранс де Кармен кездесу өткізді. Кездесу мәдени алмасу мәселелері және Қазақстан мен Франция арасындағы перспективалы жобаларға арналды.

Тараптар Қазақстан музейлері мен Лувр арасында бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылады. Ынтымақтастық көрме қызметімен қатар, ғылыми-зерттеу, археологиялық зерттеулер, ғылыми материалдар жариялау және музей ісіндегі тәжірибе алмасу бағыттарын да қамтуы мүмкін.

«Бізді Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеу бойынша бірлескен ғылыми жұмысқа қатысты ынтымақтастық қызықтырады. ҚР Ұлттық музейінің жанынан реставрация орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан Лувр музейінің ғылыми, кадрларды даярлау, көрмелер ұйымдастыру бойынша қолдауын алғымыз келеді», – деп атап өтті Аида Балаева.

Министр қазақстандық мамандар үшін мастер-класстар мен тағылымдамалар ұйымдастыру  кәсіби білім алмасу мен Қазақстанда музей ісін жетілдіруде маңызды қадам болатынын ерекше атап өтті.

«Біз ынтымақтастыққа, соның ішінде көрмелерді бірлесіп ұйымдастыруға да дайынбыз, себебі бұл Лувр музейінің халықаралық саясатына сай келеді», – деді кездесуде Лоранс де Кар.

Кездесу соңында екі тарап та бірлескен жобалар мен мәдени алмасу Қазақстан мен Франция арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтып, халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдететініне сенім білдірді.