Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысының Ресеймен шекарасында 300-ге жуық жүк көлігі кептеліп тұр

Атырау облысының Ресеймен шекарасында 300-ге жуық жүк көлігі кептеліп тұр. Жүргізушілердің айтуынша, орындарынан тапжылмай тұрғандарына 3 күн бопты. Кептелістін ұзындығы шамамен 15 шақырымға жетеді. Олар бұлай тұра берсек тауарларымыз бүлініп, жарамсыз болып, шығынға ұшыраймыз деп наразы. 

ЖҮК КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Үшінші күн болды тұрғанымызға. Кептеліс тым ұзақ. Көлік көп. Бұлай тұра берсек кез-келген жерде көліктер соқтығысып қалу мүмкін. Бізге көмек керек. Дереу шекерадан өткізіп жіберсе жақсы болар еді.

Жауаптылар жүк көліктерінің кептелісіне "Атырау-Астрахань" тас жолындағы жөндеу жұмыстарының аяқталуы себеп болды дейді. Бүгінде "Құрманғазы" өткізу пунктіне күн сайын шамамен 250-300 автокөлік келеді. Алайда бекет тәулігіне 200 көлікті ғана өткізуге қауқарлы. Мәселені тез арада шешу үшін облыстық кірістер департаменті бекетте жұмыс істейтін мамандар санын 14 қызметкерге дейін көбейткен. Айта кетейік, көліктер бекеттен электронды кезек жүйесі арқылы өткізіледі. 

ҚР ҚМ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қазіргі уақытта электронды кезекке байланысты проблемалар жоқ, барлық жүргізушінің өту талоны бар. Мемлекеттік кірістер комитеті Шекара қызметімен бірлесіп, көліктің кешігуін азайту және өткізу пунктіндегі жағдайды тезірек шешу үшін барлық күш-жігерін салудамыз.