Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 11 мыңға жуық қандас пен қоныс аударушыға көмек көрсетілді

Биыл елімізде 11 мыңға жуық қандас пен қоныс аударушыға мемлекеттен көмек көрсетілді. Жыл басынан бері 8719 қандас пен 2161 қоныс аударушы бейімдеу және интеграциялық қызмет алды. Солтүстік өңірлерге өз еркімен келген қоныс аударушылар қызметтің 25 түрімен қамтылды. Қандастар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстандырылып жатыр. Белгіленген квота шеңберінде Еңбек күші тапшы өңірлерге өз еркімен көшіп келген қоныс аударушылар мен қандастарға мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтсақ, көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне бір реттік 258 440 теңге субсидия беріледі. Сондай-ақ елдімекен мен отбасы мүшелері санына байланысты тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ай сайын ақы төленеді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама беріліп, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға көмек көрсетіледі. Экономикалық мобильділік сертификаттары да беріледі. Сонымен қатар тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін жұмыс берушілерге біржолғы субсидия беріледі.