Мемлекет басшысы Францияға мемлекеттік сапармен барды. Бұл мемлекет біздің экономикаға мол инвестиция салып отырған жетекші елдердің қатарында. Қазір елде француз капиталы бар 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейдІ. Қос тарап мұны тағы көбейтуге ниетті. Машина жасау, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму мен денсаулық сақтау салалары талқыланған жиын туралы толығырақ Аружан Задабек жалғастырады.
Париж әуежайында Мемлекет басшысын Францияның Сыртқы істер министрі күтіп алды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары Елисей сарайындағы салтанатты қарсы алу рәсімінен басталды. Алдымен екі елдің әнұраны шырқалды. Артынша Мемлекет басшылары Құрмет қарауылының салтанатты шеруін тамашалады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін және құрметті қонақтарды таныстырды.
Президент Франция сапарына ерекше мән береді. Өйткені, бұл екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі болмақ. Бүгінгі келіссөздер мен Бірлескен декларация мемлекеттер арасындағы достықты нығайтып, деңгейді көтереді. Осылай деген Президент қазақ делегациясын ыстық ықыласпен қарсы алған Эмманюэль Макронға алғыс айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сізді Парижде өткен отыз үшінші Олимпиада және Паралимпиада ойындарының табысты өтуімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жаһандық спорттағы аса ауқымды әрі айтулы оқиға екені анық. Әлем жұртшылығы жоғары деңгейде өткен додаға куә болды. Сіздің еліңіз 2030 жылы француз Альпілерінде жиырма алтыншы Қысқы Олимпиада ойындарын да тамаша деңгейде ұйымдастыратынына сенімдімін.
Биыл Тоқаев Парижге барса, былтыр Франция Президенті Қазақстанға келген еді. Ол кезде де біраз мәселе талқыланған. Тек айтылып қана қоймай, нақты келісімге келді. Нәтижесінде қазақ-француз байланысы тереңдей түсті. Қазір екі ел арасында белсенді әрі сенімді саяси диалог бар.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Франция – біздің аса ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Сіздің еліңіз Қазақстан экономикасына мол инвестиция салып отырған жетекші елдердің қатарында. Бүгінде Қазақстанда француз капиталы бар 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге ынталы француз бизнес өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.
Қос тарап арасында, әсіресе, мәдени-гуманитарлық байланыс артқан. Соның ішінде білім беру, ғылым, медицина және тарих саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Оған Франциядағы Гиме мұражайында ашылған Қазақстаның ұлттық өнеріне арналған көрме дәлел.
ЭММАНЮЭЛЬ МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Сіздің арқаңызда соңғы жылдары екі ел арасындағы серіктестік айтарлықтай нығайды.
Қос мемлекеттің байланыс орнатқанына 34 жыл болған. Тараптар «жасыл» энергетика, сирек кездесетін шикізат, климат, су шаруашылығы мен инновация және жасанды интеллект саласына баса мән береді. Жақында Астанада Француз даму агенттігінің өкілдігі ашылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы байланысты кеңейту мәселелерін талқыладық. Агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, қаржы және туризм бағытында тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық.
Президент мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты қазақ-француз қатынасының алтын арқауы деп бағалап, осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту өте маңызды екенін атап өтті. Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан Лотарингия университетінің филиалы ашылады. Қазір қос тарап «Люмьер» қазақ-француз университет орталығын құру мәселесін қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, Астана және Алматы қалаларында қазақ-француз мектептері салынады. Бүгін тиісті құжаттарға қол қойылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мәдениет, білім-ғылым, археология, архив, спорт саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға айрықша назар аударамыз. Кеше ғана әлемге әйгілі Гиме мұражайында «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» атты көрме ашылды. Бұл көрмеде еліміздің тарихи-мәдени және археологиялық құндылықтарын дәріптейтін жәдігерлер бар.
Ресми кездесуден кейін Мемлекет басшылары еркін әңгімелесуге шықты. Президенттер серуенге Жюль және Жанна атты тазыларды ертіп алған. Бұл асыл тұқымды тазыларды былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің Қазақстанға жасаған сапары кезінде сыйға тартқан еді. Президенттің сапары ертең Бішкекте жалғасады. Мемлекет басшысы Қырғызстанда Түркі мемлекеттері ұйымының 11-саммитіне қатысады.