Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда синтетикалық есірткіні жарнамалаушылармен күрес қажет

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2017
  • 3384

Алматыда қауіпті синтетикалық есірткіні жарнамалау белең алды. Белсенді жастар осы қауіппен күресу үшін арнайы қоғамдық ұйым құрып, тұрғындарды сақ болуға үндеп отыр. Одан тыс жастарды еліктіретін есірткі түрлері вотсап, телеграмм сияқты мессенджерлер арқылы жарнамаланып жатыр. Құқық қорғау органдары да бұған қарсы шаралар қолданғанымен, заманауи техникалық мүмкіндіктер бұл күрестің тиімсіздігін көрсетіп отыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Жастар үшін қауіпті синтетиткалық есірткіні жарнамалау өз шеңберінен шығып барады. Қалада осы үрдістің белең алғанын тұрмыс-тіршілікпен жүрген қарапайым адам байқамауы мүмкін. Бірақ қоғам үшін қауіпті есірткімен күресуді қоғам белсендісі Олга Агапова көтеріп отыр. Ол әсіресе тұрғын үйлердің қабырғасына өрнектеп салынатын мынадай жазбалардан сақтануды сұрайды. Трафарет түрінде салынатын сызба белгілі бір сайттың мекенжайын көрсетеді. 

Олга Агапова, қоғамдық белсенді:

Олардың ізіне түсу өте қиын, себебі бұл жарнамаларды түнгі уақытта іліп кетеді. Сондықтан біз мұндай жазбаларды үйлердің қабырғаларынан өшіріп тасау үшін, қоғамдық қор арқылы насихатты бастадық. Кім де кім байқап қалса, оны өшіру керек. Мұны біз  әлеуметтік желілер арқылы да айтып жатырмыз. Себебі бұл біздің ұрпақты құртатын қауіпті құбылыс.

Қаладағы нарколог-дәрігерлер де бұл мәселемен таныс болып шықты. Таблетка түрінде саудаланатын есірткіні тұтынушылар көбейген. Соңғы уақыттары денесіне еш сызат түспеген, бірақ мең-зең күйге түскен жастардың емдеу орталықтарына жиі келетіні байқалады, дейді дәрігерлер. Бірақ мекемеде синтетикалық ауыр есірткілерге әуестенушілердің арнайы статистикасы жүргізілмейді.

Надежда Черченко, нарколог-дәрігер: 

Бұл синтетикалық заттар жаңаша химиялық сипатымен ерекшеленеді. Олар адам ағзасында тәуелділікті тез қалыптастырады. Оны бір рет тұтынған адамның орталық жүйке жүйесі зақымданады да, қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт қажет болады. Мидың жұмысын әлсіретіп, адамды психикалық ауруға  айналдырады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Жаңа сипаттағы есірткілердің саудасына тосқауыл қоюға құқық қорғау органдары қауқарсыз. Ал қауіпті есірткі түрлерін саудалаушылар жаңа технологияның мүмкіндіктерін пайдаланады. Сондықтан қоғамдық ұйым өкілдері әлеуметтік желілер арқылы ересектердің назарын аударуды көздейді. Әркім өзі тұратын үйдің қабырғасынан осындай жарнамалық жазбаларды көрсе, тез өшіруге әрекет еткені жөн. Бұл да аталған қоғамдық дертпен күрестің бір тәсілі, дейді белсенділер.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ