Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда бүтін бір ауқымды саяжай ауыл мәртебесін ала алмай отыр

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2017
  • 3108

Санда бар да, санатта жоқ. Жамбылда бүтін бір ауқымды саяжай ауыл мәртебесін ала алмай отыр. «Дорожник» саяжайында 7 жылдан бері тұратын халық тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуде тұрмайды. Айтуларынша,  жер телімдері Жамбыл ауданына жатады. Ал, халыққа қызмет көрсету құқығы қалаға қарайды. Алайда, толыққанды тіркеу, сапалы қызмет пен жәрдемақыға қолымыз жетпей келеді, дейді. Бұқараның базынасын Данияр Әлімқұл тыңдап қайтты.

Бізде бұл жерде тұрған адамдардың біреуі де мемлекеттен жәрдемақы болмаса, басқа да көрсетілетін көмек алмайды.

Ауыл мәртебесін алу арманға айналды деген бұқара осылайша жаппай жиналды. Шу шығарған бұқара шаһар шетінде тұрады. Таразға тиіп тұрғаны былай тұрсын, жер телімдері Жамбыл ауданына жатады. Қоғамдық қызметті қала көрсетеді. Бірақ, тіркеуге тұруға келгенде, екі жақ та еншілеріне алғысы келмейді. Тұрғындардың түсінбейтіні де осы. 

Тұрғынай Сыздықова, "Дорожник" саяжайының тұрғыны:

Осы жерде 100-дің үстінде үй бар. Бізге ауыл статусын берсін. Газбен суды армандаушы ек. Енді бізге жол да қалмады. Бізде тек ауа бар. Балалар мектептен қалып жатыр.  Екі қабат әйелдердің бәрі алды пәтер жалдап, арты үйде отырып туып жатыр. Ешкім де прописка жоқ. Тапқан жерде тұрып жатырмыз тіркеуге.

Аймаржан Көкебаева  "Дорожник" саяжайының тұрғыны:

Балалар мектеп бітіріп жатыр. Военкоматқа өте алмай жатыр. Еш жерде прописка жоқ. ҰБТ тапсыратын уақыт келді. Осындай проблема болып жатыр. Ешкім жәрдемақы алмайды. Еш көмек жоқ.

Тұрғындар үшін үлкен проблема - үй жайын тіркеу.  Кеңес кезінен бері саяжай санатында қалып қалған жерге тіркеуге тұрғызбайтыны белгілі. Соның салдарынан, аяғы ауырлар жөргекпұл мен түрлі мелекеттік жәрдемақыларды ала алмай келеді. Ал ауыл әкімі мамыр айынан кейін саяжайды ауылға айналдырамыз деп сендіреді. Қазір қажетті құжат Үкіметте қаралып, оң шешімі шықпақ екен.

Қайрат Жатқабаев Қаратөбе ауылдық округының әкімі:

Құжат қазір айналымда. Мейрамнан кейін, құдай қаласа, жауабын береміз. Өзінің параметрлері бар.  Мен бүгін-ертең шешеледі деп айта алмаймын. Құжаттар келді. Енді халықты жинап түсіндіремін.  Мұнда 120 аула бар.

Ал Жамбыл ауданы әкімдігі, «Дорожниктегі» дауға қала әкімдігінің қатысы жоқ, қарауына кірмейді, деп отыр. Алайда, саяжайлықтарды сарсаңға салған қателіктері кімнен кеткен кемшілік екенін былай түсіндірді.

Азиз Мантеев, Жамбыл ауданы әкімдігі ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы:

Басқа массивтерді Үкіметтің қаулысымен қалаға қосып жатқанда, осы саяжай каким-то образом қалып кетті. Жамбыл ауданында жері қалып кетті. Бірақ халқы қаланыкы. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Саяжайда тұратын 100-ден аса шаңырақ «Дорожникті» ауыл деп атап кеткен.  Өйткені олай деуіне тұрмыс жағдайлары мен тұрғындардың тығыз орналасуы бірден бір себеп. Көзбен көрсеңіз, кәнігі ауыл. Бірақ, тіркеу мәселесімен қоса, жарықтың жарытып жетпеуі, жолдың жоқтығы аралда қалғандай әсер қалдырады.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ