Русский Сайттың толық нұсқасы

Төлемдер мен аударымдар жұмыс істемейді, қолма-қол ақша болсын. Ұлттық банк түсініктеме берді

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2024
  • 220

Мессенджерлерде 9 және 10 қарашада ISO халықаралық төлем хабарламаларының форматын енгізуге байланысты барлық банк бойынша төлемдер мен аударымдар жұмыс істемейтіні туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты қазақстандықтар осы екі күнге жететін қолма-қол ақша болуы қажет делінген. Ақпаратқа қатысты Ұлттық банк түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, елдің төлем жүйелеріне ISO 20022 халықаралық төлем хабарламалары форматын енгізіп жатыр.

Халықаралық төлем хабарламалары стандартын қолдану банктерде клиентке қаржы қызметін көрсету тәртібін өзгертпейді. Бұл жұмыстардың карточкалармен жасалатын төлемдерге еш қатысы жоқ. Осылайша, халықтың төлем карталары, QR-кодтар, мобильді аударымдар, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, ұялы байланыс төлемдері және басқа да төлемдер өзгеріссіз қалады, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ақпарат жүйелерін баптау қажет болғандықтан, банктер техникалық жұмыстар жүргізеді. Сондай кезде банкаралық қызмет көрсетуге байланысты төлемдерді қабылдау кестесінде қысқамерзімді өзгерістер болуы мүмкін (қаржы ұйымдары ISO 20022-ні енгізетін демалыс күндерінде).

Қаржы мекемелері қазір клиенттерін жаңа стандартқа көшуге байланысты техникалық жұмыстар жүргізілетін уақыт туралы алдын ала хабардар етіп жатыр. Бұл жұмыстар 2024 жылғы қарашаның аяғына дейін жүзеге асырылады.

Қосымша ақпарат: ISO 20022 – электронды хабарлама алмасатын әлемдік стандарт. Ол қаржы ұйымдары арасындағы бизнес-процестерді автоматтандыру үшін жасалған. Бұл стандартқа көшу нарық қатысушыларына ISO 20022 негізінде жүзеге асырылатын жаңа шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ банк операцияларын жүргізу кезінде төлем хабарламаларын алмасудың біріздендірілген моделін қолдану арқылы барлық тараптың шығынын азайтады.