Қызылжарда Әбу Досмағанбетов атындағы мектептің ұстазы балаларды отансүйгіштікке тәрбиелейді. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Дархан Қоспанов сабақ берудің өзіндік үлгісін тауып, оқушылардың әскерге деген қызығушылығын оятқан. Білікті маманның шәкірттері осының арқасында қалалық және облыстық сайыстарда үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Алғашқы әскери дайындықтың қыр-сыры жайында аймақтағы тілшіміз айтады.
Дархан Қоспанов әскери бағытқа ден қоятынын бала кезінен білген. Қаршадайынан қару-жараққа қызығушылық танытқан ол ер жеткен соң алғашқы әскери дайындық мұғалімі мамандығын таңдаған. Университетті бітіре сала жас маман Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Танкішілер батальонында екі жыл тәжірибесін жетілдіріп, туған жерге оралды. Болашақ Отан қорғаушыларды дайындап жүрген білікті маман оқу үрдісі барысында теорияға емес, тәжірибелік сабақтарға басымдық беретін көрінеді.
Дархан Қоспанов сабақ барысында балалардың патриоттық сезімін оятуға тырысады. Басты қағидатым – білім берумен қатар, отансүйгіш ұрпақты қалыптастыру дейді ол. Күнделікті тәжірибенің арқасында Досмаханбетов мектебінің оқушылары облыстық сайыстарда оқ бойы озып жүр.
Дархан ҚОСПАНОВ, Ә. ДОСМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ГИМНАЗИЯ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ:
Патриоттық сезім өсе келе емес, мектеп қабырғасында қалыптасады. Біз болашақ отан қорғаушыларды тәрбиелейміз. Оларды тәрбиелеуден шаршамаймыз. Әрдайым көкірегі биік ұлт мақтаныштарын тәрбиелеуге атсалысамыз.
Адал еңбегімен көзге түскен Дархан Қоспанов 2021 жылы облыстың үздік ұстазы атағына ие болды. Ал биыл Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін кеудеге тақты.