Павлодардағы аулалардың бірінде қатты желдің екпінінен ағаш құлап, 1957 жылғы әйелді басып қалған. Ол оқиға болған жерде көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиға бүгін таңертең Павлодар қаласы Естай көшесі 89/1 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің ауласында болған.
«Бүгін сағат 09.37-де Павлодар қаласы Естай көшесіндегі тұрғын үйлер ауласының бірінде әйел адамды құлаған ағаштың басып қалғаны туралы хабар түсті. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 6 минутта жетті. 1957 жылғы әйел адам зардап шеккен. Зардап шегушінің екі аяғы, көкірек тұсы, жамбас сүйектері, омыртқасы сынған, ішкі ағзалары жарақаттанған, 3-4-дәрежедегі жарақат шогын алған. Өкінішке қарай, ол алған жарақаты салдарынан көз жұмды» - деп хабарлады өңірлік жедел жәрдем стансасынан.
Қазіргі уақытта Павлодар облысының аумағында жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін жететін дауыл соғып тұр.