"Біз есірткіге қарсымыз!" деп ұрандатқан оралдық еріктілер нашақорлыққа қарсы күреске белсене атсалысты. Бүгін олар көпқабатты үйлердің қабырғасындағы есірткі сатылатыны туралы құпия жазбаларды өшірді. Өйткені шаһар көшелерінде әлеуметтік желідегі кесірлі парақшалардың жарнамасы азаяр емес. Оралда жыл басынан бері есірткі қойып кетумен айналысқан 25 адам ұсталған. Оның алтауы - кәмелетке толмаған. Ал биыл ел аумағында мыңнан астам волонтердің көмегімен есірткі саудасына қатысты 4500-дей құпия жазу өшірілген. Бұл іске "Жастар рухы" Жастар қанатының белсенділері белсене қатысыпты. Олар былтыр 5 мыңнан астам жарнаманы жойған.
ЕЛДОС НАЗАРОВ, БҚО ПД ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:
Мониторингтік топ құрылды. Бұл топта Орал қаласының барлық КСК, ОСИ өкілдері қосылып, қала тұрғындары мен тұрғындары бізге фото жібереді. Біз жаңағы сол фотоны жоюға тырысамыз. Сонымен қатар біздің жергілікті полиция қызметкерлері бар. Солар да қызметтерін атқару барысында анықтаса, сол анықталған жарнамаларды сол мезетте жойып жіберуге тырысамыз.
Бүгін 50-ге тарта ерікті қала ішіндегі бес ауданға бөлініп, құпия жазуларды өшірді. Осыған дейін жастардың көмегімен 200-ден астам жазба жойылған екен.
АРХАТ ИСЛАМҒАЛИ, "ЖАСТАР РУХЫ" ЖҚ БҚОФ ТӨРАҒАСЫ:
Синтетикалық есірткінің зиян екенін біз барлығымыз білеміз және де оны пайдаланушылар да жастар болып келеді. Закладчиктер де жастардың қатарынан шығып жатады. Сатып алу жолын тежеу мақсатында жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз - біздің замандастарымыз, біздің жастарымыз осы есірткінің құрбаны болмаса деген ой.