Қатты жел астаналықтарды жарықсыз қалдырды. Қолайсыз ауа райы кешеден бері әбігерге салып жатыр. Дауыл қала көшелеріндегі бағдаршамдарды қиратып, ғимараттардың қоршауларын ұшырды. Күннің күрт суытуы өзге өңір тұрғындарын да әбіржітті. Жағдайды толығырақ тілшілер тарқатып айтады.
ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Астанада да ақ түтек боран. Ауа райының қолайсыздығына байланысты мектептің 9 сыныпқа дейінгі оқушылары қашықтан оқып жатыр. Себебі, көшеде бала түгілі ересектердің жүруі оңай емес. Екпінді жел ұшырып барады.
Ұйытқыған жел аялдама әйнектерін сындырып, ғимараттардың шатыры мен қоршауларын жұлып әкетті. Тіпті кейбір нысандардың қасбеті опырылып түскен. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
БЕКБОЛАТ ОРАЗХАН, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бізде ауа райының күрт төмендеуіне байланысты 112 қызметіне 19 шақыру түсті жалпы. Бүгінгі күні 7 қараша сағат 8:30-да барлық жолдар ашылды. Жарақат алған адамдар бойынша 4 адамға медициналық көмек көрсетілген. Бірақ олар ауруханаға жатудан бас тартып, уақытылы үйлеріне жіберілді.
Қазгидромет мамандары елде тұрақсыз ауа райы әлі сақталатынын айтады. Жел күшейе түседі.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Арқаның суығы ғой. Бірақ мына жел ғана қатты екен. Адамды ұшырып әкетеді. Көктайғақ жер, ауа райы қолайсыздау.
- Онша суытқан жоқ сияқты. Әлі жылы ғой. 4 градус суық па, суық емес. Былтыр осы уақытта -15-20 градус болды.
- Енді бүгін суықтау болып тұр. Негізінде қыстың болғаны жақсы ғой. Қыс болса вирус аз тарайды.
- Оқушыларға өте қиын деп ойлаймын. Көп адамдар ауырып жатыр. Өте қолайсыз жағдай деп ойлаймын.
Елордада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгін таңертең қала көшелерін қардан тазартуға 2000-нан аса жол жұмысшысы мен 750-ге жуық арнайы техника шықты.
ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Сондай-ақ бүгін бас қаладан бірнеше бағытқа шығатын әуе рейстері тоқтатылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды барынша сақ болуға шақырды. Балаларды қараусыз қалдырмай, ғимараттан шықпауға кеңес береді. Қарағандыдада жағдай мәз емес. Қатты дауыл, қалың қар жұртты әбігерге салып жатқан сыңайлы. Ол туралы толығырақ әріптесім Айжан Қуаш айтады.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
«Қатты дауыл қарағандылықтарды да біраз әуреге салды. Облыста желдің екпіні 30 м/с- қа жетті. Қар аралас дауылдың салдарынан кей аудандарда шатырлар ұшып, электр сымдары үзілді».
ТЖ департаментінің хабарлауынша 9 көпқабатты үйдің шатыры ұшып кеткен. Зардап шеккендер жоқ. Сондай- ақ қала орталығы мен ауыл- аймақтарда жарық қайта-қайта сөніп қалуда.
Роллан ЕСМАҒАНБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Ауа райының нашарлауына бұрқасын, екпіні секундына 30 м/с асатын желдің күшеюіне байланысты Қарағанды облысының кейбір елді мекендерінде электр қуатының үзілуі тіркелуде.Қазіргі уақытта жөндеу- қалпына келтіру бригдалары ажыратуды жою бойынша жұмыстар жүргізуде».
7 адам қар құрсауынан құтқарылды. Осакаровка ауданы Степное ауылынан 10 шақырым жерде тұрып қалған автокөлікті құтқарушылар шығарып алып жақын маңдағы ауылға жеткізді. Жолаушылардың 5- еуі бала. Бұқар жырау ауданының Ғабиден Мұстафин кентінде жеке үй өртеніп, 2 адам қаза тапты. Тек үй қожайыны ғана аман қалған. Құтқарушылар денесі күйіп, қатты уланған азаматты кенттегі ауруханаға жеткізді. Мамандардың болжамынша, от сөндірілмеген темекі шоғынан тұтанған.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
«Мамандар дәл қазіргідей ауа райында мүмкіндігінше үйде қалуға және әсіресе жеке секторда өрт қауіпсіздігін сақтауға кеңес береді. Аймақта қар басылғанымен әлі де қатты жел соғып тұр. Бүгін өңірдегі мектептер мен колледждердің 1- інші және 2- нші курс студенттері қашықтан оқуға көшірілді.