Әнші Димаш Құдайберген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аясында делегация құрамында болған сәтінен видео жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Димаш бұл сапарда Елисей сарайының қонақтарына арнап француз тілінде «SOS d’un terrien en détresse» әнін шырқады.
«Таяуда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары болды. Осы сапарда еліміздің делегациясының құрамында болғаным үшін қуаныштымын. Президент Эманнюэль Макронға шақыруы мен қонақжайлылығы үшін алғыс айтамын. Елисей сарайының қонақтарына арнап француз тілінде «SOS d’un terrien en détresse» әнін шырқап, француз достарымызға ыстық ықыласпен қазақтың «Дайдидау» халық әнін таныстырдым», - деп жазды Димаш Құдайберген.
Елисей сарайында өткен қабылдауда Димаштың өнеріне тәнті болған Францияның бұрынғы президентінің әйелі отандасымызға арнап ыстық лебізін білдірді.