Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Орталық Азия елдерінен 11 млрд текше метр су алады

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2024
  • 251

Еліміз 2025 жылдың сәуір айына дейін Сырдария өзені арқылы шамамен 11 млрд текше метр су алады, деп хабарлайды BAQ.KZ Cу ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Орталық Азия елдерінің өкілдерімен келіссөздер жүргізген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов осы жөнінде келісімге қол жеткізді. Министр Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 87-ші отырысына еліміздің атынан қатысты. Отырыс Түркіменстанның Ашхабад қаласында өтті. Кездесуге Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның су шаруашылығы ведомстволарының басшылары қатысты. Ал, Қырғызстан елінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысты.

Нәтижесінде, 1 сәуірге дейін еліміздегі Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су келеді деп күтілуде. Бұл 2025 жылғы суару маусымында еліміздің оңтүстік аймақтарына қажет су көлемін жинақтауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, отырысқа қатысушылар Сырдария және Амудария өзендері бассейндеріндегі су қоймаларының болжамды жұмыс кестесін бекітті, сонымен қатар 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне Орталық Азия елдеріне су беру көлемін айқындады.

Биыл келіссөздер мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз Сырдария өзені бассейнінде суды тиімді бөлуге қол жеткіздік. Сондай-ақ 86-шы отырыс қорытындысы бойынша бірлесіп атқарылған жұмысқа оң бағамды бергім келеді. Атап айтқанда, Қырғызстанмен су-энергетикалық ынтымақтастық туралы келісімдер жүзеге асырылды, сондай-ақ биыл суару маусымында «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс кестесін үйлестіру бойынша іс-шаралар қабылданды, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

МСШҮК келесі, 88-ші отырысы 2025 жылдың бірінші тоқсанында Душанбе қаласында өтеді.