Русский Сайттың толық нұсқасы

Соңғы 2 айда елімізде 650 үйде өрт болып, 31 адам ажал құшты

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2024
  • 216

Небәрі екі ай ішінде 650 үйде өрт болған. Ең өкініштісі тілсіз жаудан 31 адам қаза тапты. Еліміздегі жер үй тұрғындарының көпшілігі әлі де көмір жағуға мәжбүр. Алайда, ондағы қауіпті ескеретіндердің саны аз. Күні көмірге қараған жұрт өзін қалай сақтандыра алады. Төтенше Жағдай қызметі ұйымдастыратын рейдтер қаншалықты нәтиже береді? Әріптесім Еркелді Тілеуқұл елордадағы тұрғын үйлерге мамандармен бірге барып көрді. 

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Улы газдан бір жұтым алсаңыз, басыңыз айналып, жүрегіңіз айнуы мүмкін. Екі жұтымнан кейін талып қалуыңыз мүмкін. Ал, ұйықтап жатқан кезде улы газ ағзаңызға түссе, бірден тіл тартпай кетесіз. Сондықтан, көмір пештеріне немқұрайлы қарауға болмайды.

Жылда жер үйде шыққан өрт бір отбасының өмірін жалмады деген хабар бүкіл елдің қабырғасын қайыстырады. Бейбіт күнде бұндай қасіретті оқиғалар неден болды деген сұрақ та баршаны алаңдатады. Оның себебіне үңілер болсақ, қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауы. Шағын көмір пешінен шыққан көк түтіннің өзі жабық кеңістікте өлімге алып келеді. Осыған орай, әр өңірдегі әкімдіктер заманауи құрылғылар сатып алып, түтінді анықтайтын бұл датчиктерді төтенше жағдай министрлігі тегін орнатып береді. Ал, оның алдында рейд жүргізіп, көк түтіннің қаупін адамдарға түсіндіреді.

ЕЛДОС ЗИЯДАЙ, ҚР ТЖМ ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ КОМИТЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Ең жиі кездесетіні – пештердің жанында жанғыш заттарды сақтау. Оның ішінде кір киім жаю және отын сақтаудың себептері өртке әкеліп соғады. Өрттің тағы бір негізгі себебіне тоқталсақ, еліміздің орталық, солтүстік өңірлері әлі де көмір жағады. Сол көмірдің өздігінен жануы да өртке алып келеді.

Биылдың өзінде датчиктердің арқасында 248 адам құтқарылған. Жалпы, осы жылу маусымында бүкіл ел аумағында 100 мың үйге осы құрылғылар орнатылған. Бірақ, әлі де қауіпті елемей, төтеншеліктерді үйі тұрмақ, ауласына кіргізбейтіндер көп. Десе де, төтеншеліктер, қауіп болуы мүмкін үйлерге қайта-қайта келуден шаршамаймыз, - дейді. Сондықтан, бұл рейд кез-келген адамның өмірін құтқаруы мүмкін.

АЯТ ЖҰМАДІЛЛӘ, БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ТЖБ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Біз кіреміз. Қанша келсек те, кіруге тырысамыз сол үйге. Себебі, түсініктеме жұмыстары өте маңызды. Өртті өшіргеннен қарағанда, оның алдын алған дұрыс. Осы датчиктің арқасында бір отбасы – анасы төрт баласымен құтқарылған болатын.

Мәселен, Жасұлан Мәтенов болса, бұл қатерге немқұрайлы қарамайтын адамдардың бірі. Ата-анасы, жұбайы мен қызының өміріне қауіп төнбеуі үшін пешке қосымша өздігінен қымбат құбырлар мен желілер сатып алған.

ЖАСҰЛАН МӘТЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мысалы бізде кәдімгі жер үйдегі пеш. Тоқпен, насоспен, барлығы дұрыс жүргізілген. Жыл сайын, ай сайын бүкіл үйімізбен тексеріп отырамыз. Өз үйіміздің пеші болған соң, тексереміз. Келді, тексерді, барлығы таза болған соң, ештеңе айтпайды ғой.

Айта кетейік, заманауи құрылғылар әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға беріледі. Ол дегеніміз үйлеріне тегін орнатылады. Қалғандары дабыл датчигін өзі сатып алғаны жөн.