Русский Сайттың толық нұсқасы

«Біз ауыл тұрғындарының өмірін өзгертуіміз керек», - ШҚО әкімі

Ауылдық жерлерде бизнесті дамытуға мемлекеттің қолдауы едәуір мүмкіндік береді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысында өткен ауыл әкімдерінің бірінші өңірлік форумы барысында айтылды. Жиында халықтың көші-қон ағынын азайту, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау және ауылдардың көркеюі мәселелері талқыланды. 

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы Коробиха ауылы бүгінде алыс-жақын шетелге де танымал. Мұндағы басты ерекшелік әрі жетістік - ауыл туризмі. Өңірдің әсем табиғаты кім-кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Келушілердің жайлы демалысы үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

ДОСЖАН ДОРЖАНОВ, КОРОБИХА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Бүгінде Коробиха ауылында 15 қонақ үй бар. Осы жылы тағы екеуі іске қосылды. Биыл бізде халықтың жоғары белсенділігі байқалады. Біз алпауыт инвесторлардан гөрі ауыл тұрғындарына көбірек көңіл бөліп жатырмыз.

Қазір аймақта медициналық туризмге де баса назар аударылып отыр. Әсіресе, пантоемханалар меймандардың көңілінен шығуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жолға қойылған. Бал өңдеу желілері сәтті жұмыс істеп жатыр және алғаш рет көкөністерді сақтайтын фермалар пайда болды. «Мұнда мемлекеттік қолдаудың қолда бар құралдарын белсенді пайдалану қажет», - деп атап өтті өңір басшысы.

ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Белгілі бір өзгерістер енгізіліп, бағдарламалар қоспасы жасалуы керек. Бір бағдарлама екіншісін толықтыруы тиіс және бұл істе ауыл тұрғындары маңызды рөл атқарады. Біз ауыл халқының өмірін жақсы жаққа өзгертуіміз керек, сонда ғана олардың көші-қон ағынын тоқтата аламыз.

Ермек Көшербаев ауыл әкімдерінің бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, іске асырылған жобалардың табысты тәжірибесімен алмасып отыруы маңызды екенін атап өтті.